Қазақстандық дзюдошы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатын сәтті бастады. Жарыстың алғашқы күнінің өзінде қазақстандық спортшылар бес рет жүлде тұғырына көтерілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Құрама қоржынына басты жүлдені 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ғабит Расулхан салды. Қазақстандық дзюдошы финалға дейін сенімді жетіп, шешуші белдесуде Канада өкілі Роман Семирозуммен кездесті. Ақтық сында Расулхан қарсыласынан басым түсіп, Қазақстанға осы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын медальды сыйлады.
Тағы екі қазақстандық спортшы финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. 50 келіге дейінгі салмақта Әділжан Нұрбекен екінші орын алса, қыздар арасында 40 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әлия Жанахмет те күміс медаль иеленді.
Қазақстан құрамасының жүлде қорын Бекарыс Құдайберген мен Ахмет Баубек толықтырды. Құдайберген 50 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізсе, Баубек 60 келіге дейінгі салмақта үшінші орыннан көрінді.
Осылайша, жарыстың алғашқы күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында бес медаль бар: бір алтын, екі күміс және екі қола.
Гуаякильдегі әлем чемпионаты алдағы күндері басқа салмақ дәрежелеріндегі белдесулермен жалғасады. Сондықтан Қазақстан құрамасының жүлде саны әлі де артуы мүмкін.
Бұған дейін қазақстандық таеквондошы Азим Ниязов Лахорда өткен VIII халықаралық President’s Cup 2026 турнирінде қола жүлдегер атанған еді. Жарыс 17-20 тамыз аралығында өтті.