Қазақстан Азияда-2026-да төртінші орнын сақтап қалды, Өзбекстан өкшелеп келеді
Қазақстан құрамасы Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының бесінші жарыс күнінен кейін жалпыкомандалық медаль кестесіндегі төртінші орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
24 қыркүйекте қазақстандық спортшылар ел қоржынына алты жүлде қосты: бір алтын, төрт күміс және бір қола.
Күннің басты жеңісін академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин сыйлады. Ерлер арасындағы рульсіз жұптық сында қазақстандықтар 6 минут 25,13 секунд нәтиже көрсетіп, Қытай мен Өзбекстан экипаждарын артта қалдырды.
Қазақстан құрамасы бір күнде төрт күміс жүлдеге ие болды. Абдурашид Абдуллаев ушу-саньдадан 75 келіге дейінгі салмақта екінші орын алса, Милад Карими спорттық гимнастикадан еркін жаттығуда күміс жүлде иеленді. Кирилл Проходов семсерлесуден шпагашылардың жекелей сынында финалға дейін жетті. Ал Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая 500 метрлік байдарка-қос сайысында екінші нәтиже көрсетті.
Сергей мен Тимофей Емельяновтар да жүлдесіз қалмады. Ағайынды спортшылар 500 метрлік каноэ-қос финалында 1:44.972 нәтижемен үшінші орын алды.
Бокстан да Қазақстан өкілдері жарысты сәтті бастады. 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Торехан Сабырхан Катар өкілі Мохаммед Дбичиді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен жеңді. Екінші раундта қазақстандық қарсыласын нокдаунға да түсірді.
51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова Үндістан өкілі Сакшиден 3:2 есебімен басым түсті. Екі қазақстандық боксшы да ширек финалға жолдама алды.
Жеңіл атлетикада Дэйзи Джепкемей 10 000 метрге жүгіруде жүлдеге бір қадам жетпей, төртінші орын алды. Ол 33:03.21 нәтижесімен маусымдағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Мария Ефремова үш қарғып секіруде 13,34 метр нәтижемен жетінші болды.
Бес жарыс күнінен кейін Қазақстан қоржынында 25 медаль бар: сегіз алтын, сегіз күміс және тоғыз қола. Бұл нәтиже ұлттық құраманы жалпы есепте төртінші орында ұстап тұр.
Қазақстанның ізін ала Өзбекстан келеді. Көршілес ел құрамасы бесінші жарыс күнінде бірден 16 медаль жеңіп алды, оның алтауы - алтын. Қазір Өзбекстан қоржынында 26 медаль: алты алтын, 12 күміс және сегіз қола бар.
Жалпы медаль саны бойынша Өзбекстан Қазақстаннан алға шыққанымен, алтын жүлде саны аз болғандықтан бесінші орында тұр.
Осылайша, алдағы жарыс күндері төртінші орын үшін тартыс күшейе түспек. Қазақстан әзірге сегіз алтын жүлденің арқасында жоғары сатыны сақтап отыр.