Қазақстан Азия Пара ойындарында алғашқы алтынды жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарында алғашқы алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Параспорттық оқ атудан R1 — 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату — дисциплинасында қазақстандық спортшы 249,1 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды.
Бұл нәтиже Азия Пара ойындарының рекорды атанып, Еркін Ғаббасовқа 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама сыйлады.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы пара пауэрлифтингтен күміс медаль жеңіп алды. Оны 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тұрсынай Қабыл иеленді.
Қазақстандық спортшы үш мүмкіндігінің үшеуін де сәтті орындап, соңғы тәсілінде 104 келі салмақты бағындырды.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы 150 спортшыдан тұратын делегациямен 18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін V Азия Пара ойындарына қатысады.
Қазақстандықтар медальдар үшін спорттың 12 түрінен: отырып ойнайтын волейбол, паратаеквондо, парадзюдо, пара үстел теннисі, параспорттық оқ ату, пара жеңіл атлетикасы, пара садақ ату, пара жүзу, арбадағы теннис, пара пауэрлифтинг, бочча және пара велоспорттан бақ сынайды.
Азия Пара ойындарына 45 елден шамамен 4000 спортшы қатысады. Спорттың 18 түрінен 502 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.