«Қатігездік танытты»: Ясмина Токсанбаева кроссовкаға қатысты даудан кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева Жапонияда өткен Азия ойындарында көрсеткен нәтижесінің жойылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Спортшы спорттық жүріс сайысында жеңіске жеткен еді, алайда мәреден кейін оның нәтижесі аяқ киімінің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жойылды.
Токсанбаева жарыс басталар алдында спортшылардың аяқ киімі қажетті талаптарға сәйкестігі тексерілмегенін айтты.
«Мен бәрін көріп, бәрін оқып отырмын, қолдауларыңыз үшін рақмет. Өкінішке қарай, осындай жағдай болып қалды. Жауапкершілікті біреуге ысыра беруге болмайды деп ойлаймын, бірақ кеше жұлдыздарымыз сәйкес келмеді. Неге екені белгісіз, дәл осы жарыста бізді стартқа дейін тексермеді. Әдетте мұндай жоғары деңгейдегі барлық жарыстарда, тіпті Қазақстан чемпионатында да, аяқ киімнің талапқа сәйкестігін, оның биіктігін тексереді. Барлығын өлшейді, ал бұл жолы бізді өлшеген жоқ. Меніңше, бізге қатігездік танытты», - деді Токсанбаева.
Оның айтуынша, 42 шақырым — ештеңемен салыстыруға келмейтін орасан зор қашықтық.
«Егер олар мені тексеріп, кроссовкам талапқа сай емес, биіктігі дұрыс емес деп айтқанда, өкінішке қарай, мұны жасамады, мен жаяу жүріп кетер едім. Мен бұл медальді сіздерге, Қазақстанға сыйлағым келді. Тарих жасағым келді. Меніңше, бізге қатігездік танытты. Бірақ мен жауапкершілікті өзімнен алып тастамаймын, өйткені бұл да белгілі бір деңгейде менің кінәм, менің ақымақтығым. Дегенмен тізімдер осы көктемде жаңартылған екен. Осы көктемде мен бұл кроссовканы сатып алдым. Олар рұқсат етілген еді, ал тура бір ай бұрын тізімдер жаңартылыпты. Айтар сөз жоқ. Сіздердің қолдауларыңыз бен түсіністіктеріңізге үміт артамын. 42 шақырым — Азия рекорды, әлемдегі үшінші нәтиже», - деп қорытындылады спортшы.
Еске сала кетейік, тергеуден кейін, Азия ойындарының ресми сайтында хабарланғандай, қазақстандық спортшы дисквалификацияланды. Осылайша, Токсанбаеваның Азия ойындарындағы-2026 жеңісті нәтижесі жойылды, алайда ресми шешімнің егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ.
Соңғы шешім шыққанға дейін Токсанбаеваның нәтижесі Азия ойындарының-2026 ресми медальдар есебіне енгізілмеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында тоғыз алтын медаль бар. Команда турнир кестесінде бесінші орында тұр, көршілес Өзбекстаннан бір алтын медальға қалып келеді.