locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыс» өз айдынында «Адмиралға» қарсы ойында камбэк жасап, жеңісті жұлып алды

«Барыс» ҚХЛ матчында «Адмиралды» жеңіп, үшінші кезеңде үш шайба соқты
Хоккей
ФОТО: Барыс ХК

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Владивостоктың «Адмирал» командасын өз айдынында 4:2 есебімен жеңді. Михаил Кравец шәкірттері алғашқы кезеңнен кейін есепте ұтылып жатқанымен, ойын барысын өзгертіп, шешуші жиырма минутта жауапсыз үш шайба соқты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесудің алғашқы минуттарында екі команда да сақ қимылдап, қорғаныста қателік жібермеуге тырысты. Алайда бірінші кезеңнің ортасына қарай қонақтар өз мүмкіндігін тиімді пайдаланды.

Тоғызыншы минутта Мэйсон Морелли сан басымдығын іске асырып, есеп ашты. Оған Кайл Приски мен Даниил Симонов нәтижелі пас берді. Астаналықтар бұған 20-минутта жауап қатты. Егор Усанов қарсылас қақпасын дәл көздеп, сан басымдығы кезінде таразы басын теңестірді.

Командалар үзіліске тең есеппен кететіндей көрінген. Алайда арада небәрі 34 секунд өткенде Джон Грасс шайба соғып, «Адмиралды» қайта алға шығарды. Осылайша алғашқы жиырма минут 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

Екінші кезеңде «Барыс» шабуылын күшейтіп, есепті теңестіруге ұмтылды. Дегенмен Владивосток командасының қорғанысы сыр бермеді. Өз кезегінде «Адмирал» артық тәуекелге бармай, қолындағы басымдықты сақтауға тырысты.

Екі тарап та бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастырғанымен, бұл кезеңде есеп өзгерген жоқ. Сондықтан шешуші жиырма минут алдында астаналықтарға бір шайбаның есесін қайтару қажет болды.

Ойынның бетбұрыс сәті үшінші кезеңде туды. 47-минутта Аркадий Шестаков қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 2:2-ге жеткізді.

Осы голдан кейін «Барыс» шабуыл қарқынын үдете түсті. 54-минутта Майкл Дэй мен Джейк Пилон бастаған комбинацияны Всеволод Логвин сәтті аяқтап, алаң иелерін кездесуде алғаш рет алға шығарды - 3:2.

Матчтың соңғы минуттарында «Адмирал» есепті теңестіру үшін қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырды. Алайда бұл шешім нәтиже бермеді. Финалдық сиренаға 52 секунд қалғанда Логвин бос қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды әрі кездесудің қорытынды есебін белгіледі - 4:2.

ҚХЛ, 12 қараша
«Барыс» (Астана, Қазақстан) – «Адмирал» (Владивосток, Ресей) – 4:2 (1:2, 0:0, 3:0)
Шайбалар:
0:1 – 08:47. Мэйсон Морелли (Приски, Симонов) – сан басымдығында; 1:1 – 19:04. Егор Усанов – сан басымдығында; 1:2 – 19:38. Джон Грасс (Камара, Рендулич) – сан басымдығында; 2:2 – 46:51. Аркадий Шестаков – сан басымдығында; 3:2 – 53:38. Всеволод Логвин (Дэй, Пилон) – сан басымдығында; 4:2 – 59:08. Всеволод Логвин (Пилон) – бос қақпаға.

Осылайша «Барыс» бас бапкер Михаил Кравецке туған күнінде жеңіс сыйлады. Енді астаналық клуб 15 қарашада өз айдынында Магнитогорскінің «Металлург» командасын қабылдайды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie