locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыс» ҚХЛ матчында «Адмиралдан» жеңісті жұлып алды: ойынға бейнешолу

«Барыс» 1:2 есебімен жеңіліп жатып, ҚХЛ-дағы сәтсіз сериясын тоқтатты
Хоккей
«Барыс» ҚХЛ матчында «Адмиралдан» жеңісті жұлып алды: ойынға бейнешолу
ФОТО: Барыс ХК

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Владивостоктың «Адмирал» командасын өз айдынында жеңіп, қатарынан үш матчқа созылған жеңілістер сериясын тоқтатты. 12 қарашада «Барыс Аренада» өткен кездесу 4:2 есебімен аяқталды. Алғашқы екі кезеңнен кейін есепте қалып қойған қазақстандық клуб ойын барысын өзгертіп, Всеволод Логвиннің дублі арқасында маңызды жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Михаил Кравец шәкірттері үшін бұл кездесудің маңызы ерекше болды. Биылғы маусымда астаналықтар «Адмиралмен» бұған дейін екі мәрте кездесіп, екеуінде де 4:5 есебімен жеңілген еді. Алғашқы ойында овертаймда есе жіберсе, екінші кездесуде негізгі уақытта ұтылды. Оның үстіне «Барыс» бұл матчқа қатарынан үш жеңілістен кейін келіп, турнирлік жағдайын жақсартуды көздеді.

Алаң иелері кездесуді сәтті бастады. Тоғызыншы минутта Мэйсон Морелли Чейз Приски мен Даниил Симоновтың нәтижелі пастарын голға айналдырып, астаналықтарды алға шығарды.

Бірінші кезеңнің басым бөлігінде «Барыс» бір шайбалық артықшылығын сақтап тұрды. Алайда үзіліске санаулы секундтар қалғанда ойын күрт өзгерді. 20-минутта Даниэль Усманов есепті теңестірсе, арада небәрі 34 секунд өткенде Михаил Грасс қонақтарды алға шығарды.

Осылайша алғашқы жиырма минуттың соңында «Барыс» 1:2 есебімен жеңіліп жатты.

Екінші кезеңде екі команда да қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Астаналықтар таразы басын теңестіруге ұмтылғанымен, владивостоктықтардың қорғанысы сыр бермеді. Ал «Адмирал» қолындағы басымдықты сақтап, шешуші кезеңге тиімді есеппен жетті.

Ойынның бетбұрыс сәті 47-минутта туды. Аркадий Шестаков қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 2:2-ге жеткізді. Бұл шайбадан кейін «Барыс» шабуыл қарқынын күшейтіп, кездесудің тізгінін өз қолына ала бастады.

54-минутта Всеволод Логвин Логан Дэй мен Джейк Пилонның нәтижелі пастарынан кейін шайбаны қақпаға бағыттап, астаналықтарды қайта алға шығарды.

Матч соңында «Адмирал» есепті теңестіру үшін қақпашысын алтыншы алаң ойыншысына алмастырды. Алайда қонақтардың тәуекелі ақталмады. Финалдық сиренаға 52 секунд қалғанда Логвин бос қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды. Осылайша «Барыс» 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Бұл нәтиже астаналық клубтың қоржынына үш емес, екі ұпай қосып, жалпы көрсеткішін 27 ұпайға жеткізді. Соның арқасында «Барыс» Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде бесінші орынға көтерілді. Ал 25 ұпайы бар «Адмирал» оныншы сатыда қалды.

Енді «Барыс» 15 қарашада Магнитогорскінің «Металлург» командасымен кездеседі. Ойын Астанада өтеді.

Назарларыңызға «Барыс» пен «Адмирал» арасындағы матчтың бейнешолуын ұсынамыз.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie