locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Ресей құрамасы Өзбекстанға қарсы матчта керемет камбэк жасады

Ресей 0:2 есебімен жеңіліп жатып, тоғыз минут ішінде үш гол соғып, Өзбекстаннан жеңісті жұлып алды
Футбол
Ресей құрамасы Өзбекстанға қарсы матчта керемет камбэк жасады
ФОТО: Getty images

Ресей футбол құрамасы 12 қарашада Ташкентте өткен жолдастық кездесуде Өзбекстанды 3:2 есебімен жеңді. «Пахтакор» стадионында өткен матчтың алғашқы бөлігінде алаң иелері екі доп басымдығына қол жеткізгенімен, бұл артықшылықты сақтап қала алмады. Николай Комличенконың дублі мен Алексей Миранчуктің шешуші голы ресейліктерге ойын тағдырын өзгертуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесу Ресей құрамасы үшін сәтсіз басталды. Бесінші минутта қорғаушы Виктор Мелехин бұрыштамадан асырылған допты қайтармақ болып, өз қақпасына бағыттап алды. Осылайша Өзбекстан ойын басында-ақ есеп ашып, қонақтарды қуып жетуші тарапқа айналдырды.

Алаң иелері бір голмен шектелген жоқ. Екінші тайм бастала салысымен өзбекстандықтар тағы бір мүмкіндігін тиімді пайдаланды. 46-минутта Бехруз Каримов қарсылас қақпасын дәл көздеп, есеп айырмасын екі допқа жеткізді - 2:0.

Осы сәтте Өзбекстан құрамасы жеңіске бір табан жақындағандай көрінді. Алайда кездесудің соңғы бөлігінде ойын барысы түбегейлі өзгерді.

70-минутта Николай Комличенко есеп айырмасын қысқартып, Ресей құрамасының қарымта шабуылына жол ашты. Арада небәрі бес минут өткенде шабуылшы тағы бір мәрте мергендік танытып, дубль авторы атанды. Осылайша таблодағы есеп теңесті - 2:2.

Ресейліктер мұнымен тоқтаған жоқ. 79-минутта Алексей Миранчук үшінші голды соғып, қонақтарды кездесуде алғаш рет алға шығарды.

Осылайша Ресей құрамасы небәрі тоғыз минуттың ішінде екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан жағдайдан шығып, матчты өз пайдасына аяқтады. Ал кездесудің басым бөлігінде есепте алда болған Өзбекстан өз алаңында 2:3 есебімен жеңіліс тапты.

Жолдастық кездесу. 12 қараша
Өзбекстан - Ресей - 2:3 (1:0)
Голдар:
1:0 - Мелехин (5’, автогол); 2:0 - Каримов (46’); 2:1 - Комличенко (70’); 2:2 - Комличенко (75’); 2:3 - Миранчук (79’).

Ташкенттегі ойыннан кейін екі құрама да 17 қарашаға жоспарланған келесі жолдастық кездесулерге дайындықты жалғастырады.

Өзбекстан құрамасы Дохадағы «Джассим бин Хамад» стадионында Сауд Арабиясымен кездеседі. Ал Ресей Краснодар қаласында Венесуэла құрамасын қабылдайды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie