Асу Алмабаев ACBJJ-дегі жеңісінен кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен бразилиялық джиу-джитсу және грэпплингтен ACBJJ 22 турниріндегі титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
All-Stars Title Match аясында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алмабаев Тәжікстан өкілі Халим Назрулоевпен кездесті. Жекпе-жек No-Gi ережесі бойынша, яғни кимоносыз өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан қазақстандық спортшыға жеңіс берді. Осылайша Алмабаев чемпиондық белбеуді иеленді.
Жекпе-жектен кейін Алмабаев жеңісіне қатысты эмоциясымен бөлісті.
«Барлық жанкүйерлерге ассалаумағалейкум! Осы белбеуді жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Мұны әрқашан армандайтынмын. Енді үшінші белбеуім үйімде болады. Қарсыласыма келсек, жақсы жігіт, тәжірибелі спортшы. Жексенбі күні жақсы күрес көрсеттік. Баршаңызға алғыс айтамын. Алға, Қазақ елі!» — деді Асу.
Еске салайық, өткен аптада Алмабаев АҚШ-та өткен RAF 12 еркін күрес турниріне де қатысқан. Өз жекпе-жегінде ол америкалық Джонни Диджулиустан жеңіліп, қарсыласына бір жарым минутқа жетпей есе жіберді.