Умар Нурмагомедов босатылғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады
Ресейлік UFC файтері Умар Нурмагомедов БАӘ-де қамаудан босатылғаннан кейін алғаш рет байланысқа шықты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Нурмагомедов әлеуметтік желіде спорт залынан түсірілген видеоны жариялап, жаттығу процесіне қайта оралғанын көрсетті.
«Әр адамның жолында қиындықтар кездеседі. Бізді сол қиындықтарды қалай еңсеретініміз ғана айқындайды», - деп жазды файтер.
Еске салайық, 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде Умар мен Усман Нурмагомедовтер, сондай-ақ UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили мен оның досы Саба Лазишвили қатысқан жаппай төбелес болды.
Оқиғадан кейін полиция жанжалға қатысқандарды ұстады. Бастапқыда сот сегіз адамды алты айға бас бостандығынан айырып, әрқайсысына 300 мың дирхам айыппұл салған.
Алайда 17 қарашада жаза қайта қаралғаны белгілі болды. Тараптар татуласқаннан кейін түрме жазасы 150 мың дирхам (шамамен 20 миллион теңге) айыппұлмен алмастырылды. Осыдан соң ұсталғандар бостандыққа шықты.
Осы оқиғаға байланысты Умар Нурмагомедов Абу-Дабиде өтетін Real American Freestyle (RAF) күрес лигасының турнирінде америкалық Юрайя Фейбермен жоспарланған белдесуін де өткізіп алды.