Қазақстанға WADA бас директоры келді
Астанаға Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) бас директоры Оливер Неггли келді, деп хабарлайды Sports24.kz.
22-27 қараша аралығында елордада агенттіктің басқарушы органдары - Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің кездесулері мен отырыстары өтеді.
Қатысушылар Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің жүзеге асырылуын, таза спортты қорғау жүйесінің дамуын және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды талқылайды. Құрылтайшылар кеңесі - құрамына спорт қозғалысы мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері кіретін WADA-ның жоғары басқарушы органы.
Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет WADA-ның осындай деңгейдегі іс-шараларын қабылдап отыр. Неггли агенттікті 2016 жылдан бері басқарып келеді.
WADA дегеніміз не
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) - әлемдік спортта бірыңғай допингке қарсы ережелерді әзірлеуге және олардың сақталуын бақылауға жауапты халықаралық ұйым. WADA-ның құрылу тарихы велоспорттағы бірқатар атышулы допинг дауларынан кейін, 1999 жылы басталды: тыйым салынған заттар мен әдістерге қарсы күрестің әмбебап тәсілін қалыптастыру үшін агенттік Халықаралық Олимпиада комитетінің бастамасымен құрылды. 2004 жылдан бері барлық халықаралық спорт ұйымдары мен федерациялары қол қойған Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс қолданыста.