«Грузиндер көп болды»: Махачев Нурмагомедовтердің Двалишвилимен қақтығысы туралы тағы пікір білдірді
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев Абу-Дабиде грузин файтері Мераб Двалишвилимен қақтығысқа қатысқан Усман Нурмагомедов пен оның серіктерін тағы да қолдады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Тергеу қорытындысы бойынша, қатысушылардың барлығына ірі көлемде айыппұл салынды, алайда олар түрмеге қамалудан құтылды. Махачевтің пікірінше, болған оқиға қоғамда тым үлкен резонанс тудырды. Оның айтуынша, қақтығысқа Грузияда бұған дейін болған, бірақ көпшілік біле бермейтін оқиғалар себеп болған.
«Мұны тым ушықтырып жіберді. Мүмкін, Әмірліктерде мұндай қақтығыстар бола бермейтін шығар. Ал біздің Дағыстанда көшеде күн сайын төбелес болады. Бұл қақтығыстың Грузияда қалай басталғанын көбі біле бермейді. Мераб өзін мүлде лайықсыз ұстады, менің білуімше, анасы жоқ адамның анасын қорлады. Бұл — қасиетті нәрсе. Біздің жігіттер дұрыс емес әрекет етті деп ойламаймын. Адам өз сөзіне жауап беруі керек. Шектен шықса, мұның салдарын күтуі тиіс», — деді Махачев журналистерге.
Бұған дейін Грузияда Двалишвили мен дағыстандық балуан Ахмед Гаджимагомедов арасында қақтығыс болған. Оған грузин файтерінің Умар Нурмагомедов туралы айтқан өткір сөздері себеп болды. Абу-Дабиде Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев қақтығыстың сол жерде реттелгенін мәлімдеді. Алайда Махачев мәселе әлі шешілмегенін айтады.
UFC чемпионы төбелес кезінде Нурмагомедовтердің сан жағынан басым болғаны үшін айтылған сынға да пікір білдірді. Оның ойынша, адамның ар-намысына қатысты жағдайда қатысушылар саны шешуші рөл атқармайды.
«Ар-намысқа тиіскен кезде, мәселе бір адамға қарсы бір адам немесе екі адамға қарсы бір адам болуында емес. Грузияда ол оны ұрып жіберді, әрі қарай өрбітуге мүмкіндік бермеді. Жан-жақтан топ келіп, грузиндер көп болды, оған ештеңе істеуге мұрша бермеді. Содан бері оның ішінде өкпе бар еді, онымен жолыға алмады. Көрген соң, есебін сұрады», — деді чемпион.
Бастапқыда Абу-Даби соты Усман Нурмагомедов пен оның бес серігін алты айға бас бостандығынан айырған еді. Кейін бұл жаза күшін жойып, айыппұл мөлшері азайтылды.