Қазақстан теннис федерациясы 2026 жылдың үздік жаттықтырушыларын атады
Қазақстан теннис федерациясы 2026 жылдың қорытындысын шығарып, спортшыларды даярлауға, балалар мен жасөспірімдер теннисін дамытуға және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға зор үлес қосқан елдің үздік жаттықтырушыларын марапаттады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Федерацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, дәстүрлі марапаттау рәсімі Қазақстан теннис федерациясының жыл сайынғы жаттықтырушылар конференциясы аясында өтеді. Жеңімпаздарға кәсіби жетістіктері мен қазақстандық теннисті дамытуға қосқан үлесі үшін ақшалай сыйлықтар мен естелік марапаттар табысталады.
Соңғы бес жылда марапаттау жүйесі айтарлықтай кеңейді. Қазір ол әртүрлі жас санатындағы теннисшілерді даярлауды ғана емес, Tennis 10s, Baby Tennis, арбадағы теннис (Wheelchair Tennis) бағдарламаларын дамытуды және жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру жұмысын да қамтиды.
2026 жылдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
- 10 жасқа дейінгі балалар арасындағы үздік теннис жаттықтырушысы — Оксана Галиева («Эйс» ТЦ, Алматы).
- 12 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы үздік жаттықтырушы — Руслан Мирошниченко (Beeline Arena ҰТЦ, Астана).
- 14 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы үздік жаттықтырушы — Серіжан Есенбеков (Beeline Arena ҰТЦ, Астана).
- 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы үздік жаттықтырушы — Павел Цой (Team KZ, Астана).
- Жылдың үздік аға жаттықтырушысы — Руслан Мұхамедзянов (Beeline Arena ҰТЦ, Астана).
- Жылдың үздік әйел жаттықтырушысы — Салтанат Кочерова (Beeline Arena ҰТЦ).
- Арбадағы теннисті дамытуға қосқан үлесі үшін — Жалғас Қадыр.
- Tennis 10s бағдарламасын үйлестірудегі үздік жетістіктері үшін — Марина Мартышева.
- Baby Tennis бағдарламасын дамытудағы үздік жетістіктері үшін — Құралай Дүйсен.
- Теннисті дамытуға қосқан үлесі үшін — Олег Павлов.
Үміткерлердің толық тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Жаттықтырушыларды жыл сайын марапаттау - жас спортшыларды даярлаумен, жаттығу үдерісін жетілдірумен және елдің барлық өңірінде теннисті насихаттаумен айналысатын мамандарды қолдау жөніндегі Қазақстан теннис федерациясы жұмысының маңызды бөлігі.
Қазақстан теннис федерациясы жаттықтырушылар әлеуетін дамытуға, заманауи даярлау әдістемелерін енгізуге және барлық деңгейдегі мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға айрықша көңіл бөлуді жалғастырып келеді.