Ресейде «Барыстың» ойынына баға беріп, минскілік «Динамомен» матчтың басты кейіпкерін атады
Ресейлік хоккей журналисі Михаил Зислис минскілік «Динамоның» Астанада «Барысты» жеңуіне пікір білдіріп, қақпашы Зак Фукаленің бабын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Журналистің пікірінше, минскіліктер плей-оффқа таласқа дер кезінде қосылып, соңғы бес матчта төртінші жеңісіне қол жеткізген. Дегенмен, Зислис команданың Астанадағы ойынының сапасына тәнті болмады.
Оның пайымдауынша, бас бапкер Сергей Брылин тиімді тактика тапқан: команда сақ ойнап, қорғанысқа басымдық береді және қақпашысының сенімді ойынына арқа сүйейді.
Зислис «Барыстың» 36 соққысының 35-ін қайтарған Зак Фукаленің ойынын айрықша атап өтті.
Сондай-ақ журналист дубль авторы атанған Сэм Энастың нәтижелі ойынына және минскіліктер сапында дебют жасаған Стефан Да Костаға назар аударды. Зислистің пікірінше, француз шабуылшысы ұзақ үзілістен кейін әзірге өзін көрсете алған жоқ.
«Оның осыншалық ұзақ үзілістен кейін бірден көзге түсетініне аңғалдықпен сенуге болмайды», - деп атап өтті журналист.
Астаналық клуб ҚХЛ тұрақты чемпионатындағы келесі кездесуін 25 қарашада өткізеді. Қазақстандық команда череповецкінің «Северсталімен» кездеседі. Ойын «Барыстың» Астанадағы өз айдынында өтеді.
Михаил Кравец шәкірттері үшін алдағы матч қатарынан үш жеңілістен тұратын серияны үзіп, Шығыс конференциясының плей-офф кезеңіне жолдама алу жолында маңызды ұпай жинауға мүмкіндік береді.