Қуат Хамитов ресейлік қарсыласын нокаутқа түсірсе де, сыйақысыз қалуы мүмкін: себебі неде?
Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов ақшалай сыйақы алу үшін белгілі бір талапты орындауы тиіс, деп хабарлайды Sports24.kz.
31 қазанда ACA лигасының президенті Магомед Бибулатов баспасөз мәслихатында Хамитовтың жеңісі үшін сыйақыға лайық екенін, алайда оны алу үшін ұйыммен келісімшарт жасасуы қажет екенін айтты.
«Бізде арнайы ереже бар. Егер спортшының ACA лигасымен қолданыстағы келісімшарты болмаса, оған сыйақы төленбейді. Ал келісімшартқа қол қойған жағдайда тиісті қаражатты аударамыз. Қуат Хамитов негізгі сыйақыны алуға лайық. Бірақ қазір оның біздің ұйыммен келісімшарты жоқ. Егер келісімге қол қойса, сыйақысын міндетті түрде алады», – деп түсіндірді Бибулатов.
Осылайша қазақстандық спортшыға тиесілі ақшалай сыйақының мәселесі әзірге шешілген жоқ. ACA басшылығы Хамитовтың жеңісін қаржылай ынталандыруға дайын, алайда ол үшін файтер ұйыммен ресми келісімшарт жасасуы керек.
Еске салайық, 30 қазанда Қуат Хамитов Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде ресейлік Алексей Махномен кездесті. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек үш раундқа жоспарланған болатын.
Алайда қазақстандық спортшыға кездесуді соңына дейін жеткізудің қажеті болмады. Екінші раундта Хамитов қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп, кәсіби мансабындағы 29-жеңісіне қол жеткізді. Бұл оның қатарынан үшінші жеңісі болды.
Айта кетейік, Хамитов пен Махно арасындағы текетірес бірнеше жылдан бері жалғасып келген. Екі спортшының кездесуі түрлі себептермен төрт рет кейінге қалдырылған. Осы уақыт аралығында олар бір-біріне бірнеше мәрте өткір мәлімдеме жасаған еді. Ақыры көптен күткен жекпе-жек қазақстандық файтердің мерзімінен бұрын жеңіске жетуімен аяқталды.
Жекпе-жектен кейін Хамитов тағы бір әрекетімен көпшіліктің назарын аударды. Ол октагонға Қазақстан футбол құрамасының жейдесін алып шығып, отандық футболға қомақты қаржы бөлінгенімен, халықаралық аренадағы нәтижелердің көңіл көншітпейтінін сынға алды.