ВИДЕО: Хамитовтың ресейлік файтерге қарсы жекпе-жегі нокаутпен аяқталды
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен ACA 209 турнирінде сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Хамитовтың қарсыласы ресейлік файтер Алексей Махно болды. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек үш раундқа жоспарланған еді. Алайда кездесу толық қашықтыққа созылмай, екінші раундта Қуаттың техникалық нокаутпен жеңуімен аяқталды.
Осы жекпе-жектен кейін Хамитов кәсіби мансабындағы 29-жеңісіне қол жеткізді, ал Махно ММА-дағы 18-жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, жекпе-жек алдында екі файтер де бір-біріне қатысты өткір пікір білдірген. Хамитов Махноға: «Дайындал, Тәжікстанда сені зейнет күтіп тұр. Мен ACA-ға қажетсіз файтерлерді қуып жіберу үшін келдім», – деген еді. Махно болса, «ТМД-дағы ең шулы жанкүйерлердің көз алдында қарсыласын қуана ұратынын» айтты.
Хамитов – аралас жекпе-жектің ардагері. Ол кәсіби ММА-да 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Мансабында Alash Pride чемпионы атанып, басқа да промоушендерде өнер көрсетті.