Қуат Хамитов Қазақстанда UFC турнирінде өнер көрсету үшін жанкүйерлерге үндеу жасады
Аралас жекпе-жектен танымал қазақстандық файтер Қуат Хамитов 2027 жылы Қазақстанда өтуі мүмкін UFC турнирінде өнер көрсеткісі келеді. Осы мақсатта спортшы жанкүйерлерден қолдау сұрады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Хамитов әлеуметтік желіде жанкүйерлерін UFC президенті Дана Уайт пен ұйымның матчмейкері Шон Шелбиді жаппай белгілеуге шақырды. Сондай-ақ ол Қазақстанның туын жариялап, промоушен басшылығынан турнирде өнер көрсетуге мүмкіндік беруді сұрауға үндеді.
Файтер мансабының бастапқы кезеңінде UFC-ге не себепті өте алмағанын түсіндірді. Оның айтуынша, ол кезде қажетті байланыстары, мықты менеджменті және қаржылық қолдауы болмаған. Енді ұйым Қазақстанға келсе, осы мүмкіндікті пайдалануға үмітті.
«Бізді халықтан басқа ешкім көтермейді. Сондықтан көмекті тек халықтан сұраймын. Қазақстанда біз бастаған тарих бізбен бірге аяқталуы керек», - деді Хамитов.
Сондай-ақ спортшы мемлекеттік органдардың өкілдерінен гөрі, ең алдымен жанкүйерлердің қолдауына сенетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елде ұйымның алғашқы турнирін өткізу мәселесі бойынша UFC-пен келіссөздер жүріп жатқанын хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, турнирді 2027 жылы өткізу жоспарланып отыр.