Мырзабосынов Қазақстан күрес федерациясының жұмысына баға берді
Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан күрес федерациясының жұмысы туралы пікір білдіріп, отандық спортшылардың халықаралық аренадағы нәтижелеріне баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
ОКҚ-дағы брифингте ол күрес жүйелі тәсіл мен ұзақ мерзімді дайындықты талап ететінін атап өтіп, бір-екі жылдың ішінде көп алтын медаль күтудің қажеті жоқ екенін айтты.
«Бір-екі жылда алтын медаль жеңіп алу өте қиын. Күресте жүйелі жұмыс қажет. Менің ойымша, федерация аз уақыттың ішінде өңірлердегі жұмысты жолға қойып, Күрес академиясын құруға кірісті. Астанада өткен конгресте федерация президенті Еркін Оқасов Біріккен күрес әлемінің (UWW) Бюросына сайланды. Бұл — Қазақстан күресі үшін тарихи оқиға. Жас спортшылардың нәтижелері де қуантады. Биыл олар 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында үш алтын, ал 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл — әлемдік аренада бәсекеге қабілетті жақсы резерв», - деді министр.
Мырзабосынов жас балуандардың жетістіктеріне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, 17 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаттарында көрсетілген нәтижелер ұлттық құрама үшін болашағынан үміт күттіретін резерв бар екенін аңғартады.