«Оның кім екенін де білмедім»: Еркебұлан Тоқтардың сүйіктісі таныстықтарының қалай басталғанын айтты
Блогер әрі модель Дарья Подгорная, әлеуметтік желіде «Маркиза» лақап атымен танылған ару, қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтармен қарым-қатынасының қалай басталғанын айтып берді. Ол бұл жайында Аман Тасығанның YouTube-арнасына берген сұқбатында сөз қозғады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Подгорная олардың қарым-қатынасы қандай да бір ортақ жоба немесе көпшіліктің назарын аудару үшін жасалған әрекет емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, екеуінің араласуы жұрт оларды бірге көре бастағанға дейін әлдеқайда ертерек басталған.
«Мен оның қандай да бір жобасының бір бөлігі емеспін. Арамыздағы қарым-қатынас шынайы. Шамамен жарты жыл бұрын ол маған Instagram арқылы алғаш рет жазып, кейін гүл жіберді. Басында мүлде жауап бермедім. Біраз уақыттан соң: «Гүлдер ұнады ма, тым болмаса соны айтшы?» деп қайта жазды. Ол кезде ауырып жүргенмін, көңіл-күйім де болмады. Сосын ғана гүлдердің жақсы екенін айтып, рақмет дедім», - деді Дарья.
Ол таныстықтың алғашқы кезінде Еркебұлан Тоқтардың Қазақстанда қаншалықты танымал екенін мүлде білмегенін де жасырмады. Спортшы оған жазылғаннан кейін ғана парақшасына кіріп, аудиториясының көлеміне таң қалған.
«Шынымды айтсам, Еркебұлан Тоқтардың кім екенін білмедім. Кейін парақшасына кірсем, шамамен 2,5 миллион оқырманы бар екен. Сосын өзінен: «Сен соншалықты танымал екенсің, жалпы кімсің?» деп сұрадым. Ол да таңғалып, маған дауыстық хабарлама жіберді. «Мені білмейтініңе таңғалып тұрмын»деді. Ал мен шынымен білмейтінмін», - деп еске алды Подгорная.
21 жастағы Дарья бұған дейін Алматы атынан «Қазақстан аруы - 2023» байқауына қатысып, көпшілікке таныла бастаған. Кейін әлеуметтік желілерде белсенділігін арттырды. Ал Еркебұланмен қарым-қатынасы туралы әңгіме олардың жарияланымдарынан ұқсас тұстарды байқаған жанкүйерлерден кейін күшейе түсті.
Еркебұлан Тоқтар қазір кезекті жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Ол соңғы рет 4 шілдеде Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінде шаршы алаңға шығып, ресейлік Артем Тарасовты бірінші раундта нокаутқа түсірген.
Қазақстандық спортшының келесі ресми жекпе-жегі 28 тамызда Астанада өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ол өзбекстандық файтер әрі блогер Бобиржон «Испанчик» Исроиловпен кездеседі. Жекпе-жек кәсіпқой бокс ережесі бойынша өтеді.