locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Хамитов UFC-де Шавкат Рахмоновтың бұрынғы екі қарсыласымен жұдырықтасқысы келеді

Қуат Хамитов UFC-дегі ықтимал қарсыластары ретінде Нил Мэгни мен Стивен Томпсонды атады
ММА
Хамитов UFC-де Шавкат Рахмоновтың бұрынғы екі қарсыласымен жұдырықтасқысы келеді
ФОТО: АСА

Қазақстанда UFC турнирін өткізу мүмкіндігі Қуат Хамитовтың да назарынан тыс қалмады. Әлемдегі ең беделді аралас жекпе-жек ұйымында бақ сынауды көптен бері армандап жүрген 38 жастағы спортшы енді сол мақсатына өз елінде жетуден үмітті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Бұған дейін Хамитов Instagram желісі арқылы қазақстандық жанкүйерлерге үндеу жасаған еді. Ол отандастарынан UFC басшылығының әлеуметтік желідегі парақшаларын белгілеп, Қазақстанда өтуі мүмкін турнирге өзінің қатысуын қолдауды сұрады. Спортшының айтуынша, кезінде UFC қатарына қосылуына ықпалды менеджерлердің, қажетті байланыстар мен қаржылық қолдаудың болмауы кедергі келтірген.

Енді қазақстандық файтер октагонда кіммен күш сынасқысы келетінін де жасырмады. Tengri Sport басылымына берген сұқбатында Хамитов Қазақстанда UFC турнирін өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіріп, өзіне қызықты болатын екі қарсыластың есімін атады.

«Қарсыласқа келетін болсақ, Қазақстанда жақсы танымал спортшылармен кездескім келеді. Мысалы, Нил Мэгни немесе Стивен Томпсон. Қызықты жекпе-жек болар еді. Екеуміз де соңғы кездесуімізде нокаутпен жеңіске жеттік! Ардагерлер арасындағы жақсы айқас болар еді», – деді Қуат.

Хамитов атаған екі америкалықтың да қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс болуы кездейсоқ емес. Нил Мэгни де, Стивен Томпсон да бұған дейін UFC-де Шавкат Рахмоновпен кездесіп, жеңіліс тапқан.

2022 жылдың маусымында Рахмонов Мэгниді екінші раундта қылқындыру әдісімен берілуге мәжбүр етті. Ал 2023 жылдың желтоқсанында Томпсонға қарсы жекпе-жекте де дәл осы әдісті сәтті қолданып, мерзімінен бұрын жеңіске жеткен болатын. Осылайша қазақстандық спортшы өзінің жеңіліссіз сериясын жалғастырды.

Жастары ұлғайғанына қарамастан, екі америкалық та аралас жекпе-жек жанкүйерлерінің назарынан түскен жоқ. 2026 жылы Мэгни канадалық Майк Малоттты нокаутқа түсірсе, Томпсон Чарльз Радткені айнала тебілген аяқ соққысымен сұлатты. Алайда осы жеңісінен кейін 43 жастағы Томпсон кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Сондықтан оның Хамитовпен айқасу үшін октагонға қайта оралу-оралмауы әзірге белгісіз.

Қуат Хамитовтың өзі соңғы екі кездесуінде жеңіске жетіп, бабында екенін көрсетті. Қазан айында ол ресейлік Алексей Махноны екінші раундта нокаутқа түсірді. Қазақстандық спортшы кәсіби мансабында 36 жекпе-жек өткізіп, 28 рет жеңіске жеткен, сегіз мәрте қарсыластарына есе жіберген.

Айта кетерлігі, UFC-де өнер көрсету Хамитовтың көп жылдан бергі мақсаты. Ол 2019 жылдың өзінде аталған ұйымдағы алғашқы жекпе-жегін Лас-Вегаста өткізуді армандайтынын айтқан еді. Кейінірек америкалық менеджерлермен байланыс орнатып, ұсыныстар алғанын да жасырмады. Алайда түрлі қаржылық және ұйымдастырушылық себептерге байланысты келісімге қол жеткізе алмаған.

Енді қазақстандық файтер үшін жаңа мүмкіндік туындауы ықтимал. 19 қарашада Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов UFC ұйымымен келіссөздер жалғасып жатқанын растады. Оның сөзінше, елімізде 2027–2028 жылдары турнир өткізу мәселесіне қатысты келіссөздердің қорытындысы қараша айының соңында жариялануы тиіс.

Әзірге Қазақстанда UFC турнирін өткізу жөнінде ресми шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ Хамитовтың ұйыммен келісімшарт жасасуы туралы да нақты ақпарат жоқ. Дегенмен спортшы әлемдегі ең беделді промоушен Қазақстанға келетін болса, көптен күткен мүмкіндігін пайдалануға ниетті екенін аңғартты.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie