locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Олимпиаданың алты чемпионы Астанада өтетін таеквондодан Гран-при финалына қатысады

Астана 28-29 қараша күндері таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалдық кезеңін алғаш рет қабылдайды
Басқа спорт түрлері
Олимпиаданың алты чемпионы Астанада өтетін таеквондодан Гран-при финалына қатысады
ФОТО: qaz.tkd

28-29 қараша күндері Астана әлемдік таеквондоның басты додаларының біріне куә болады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Қазақстан тарихында алғаш рет Гран-при сериясының финалдық кезеңі өтеді. Байрақты бәсекеге Олимпиада ойындарының алты чемпионы, 13 жүлдегері, әлемнің 15 чемпионы мен әлем чемпионаттарының 20 жүлдегері қатысады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Елорда төріндегі жарыс Қазақстанда ұйымдастырылған ең ірі халықаралық таеквондо турнирлерінің біріне айналмақ. Сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде 128 спортшы бақ сынап, жүлделерді сарапқа салады.

Алайда Астанадағы бәсекенің маңызы медальмен ғана шектелмейді. G-10 санатына жататын финалдық кезеңде спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу үшін маңызды рейтингтік ұпайлар жинайды.

Қазақстандық спортшыларға кімдер қарсылас болады?

58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын Тамирлан Тлеулес қорғайды. Бұл санаттағы бәсекелестік аса жоғары болмақ. Өйткені Астанаға Париж Олимпиадасының чемпионы, оңтүстіккореялық Пак Тэ Джун мен Токио ойындарының жеңімпазы, италиялық Вито Делль’Аквила келеді.

Екі спортшы да әлем чемпионаттарында топ жарған. Олардан бөлек, осы салмақта әлем чемпиондары Абольфазл Занди мен Со Ын Су, сондай-ақ Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Гашим Магомедов медальға таласады.

68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде де тартыс жоғары болмақ. Мұнда әлемнің төрт чемпионы - Нажмиддин Косимхожиев, Марко Голубич, Омар Гергели Салим және Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Чан Джун өнер көрсетеді. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Зайд Карим мен Эдиваль Понтес те бар.

Биылғы маусымда Муджу мен Парижде өткен Гран-при кезеңдерінде жеңіске жеткен Джинхо Мун да елордадағы додаға қатысады. Ол маусымның шешуші жарысында жоғары нәтижесін қайталауға тырысады.

80 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы, бразилиялық Энрике Маркес басты үміткерлердің бірі саналады. Бұл дәрежеде Қазақстан атынан Азия ойындарының қола жүлдегері Батырхан Төлеуғали сынға түседі.

Ал 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Олимпиада чемпиондары Ариан Салими (Иран) мен Владислав Ларин өнер көрсетеді. Оларға әлем чемпиондары Сейф Исса, оңтүстіккореялық Санхён Кан және италиялық Симоне Алессио қарсылас болады.

Әйелдер арасындағы бәсекеде кімдер бақ сынайды?

49 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын Рита Бакишева қорғайды. Отандасымыздың қарсыластары қатарында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Адриана Сересо Иглесиас пен 2022 жылғы әлем чемпионы Даниэла Паола Соуза бар.

Сондай-ақ биылғы Гран-при сериясының кезеңдерінде жеңімпаз атанған Алиса Ангелова, Фу Сяолу және Ма Цзиньюэ де осы салмақта жүлдеге таласады.

57 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Мария Севостьянова өнер көрсетеді. Бұған дейін Париждегі Гран-при кезеңінде қола медаль иеленген отандасымыз енді өз жанкүйерлерінің алдында жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылады.

Алайда бұл жолғы қарсыластары да осал емес. Олардың арасында Париж Олимпиадасының чемпионы, оңтүстіккореялық Ю-Джин Ким, Бразилияның әлем чемпионы Мария Клара Пачеко және ирандық әлем чемпионы Нахид Кияничанде бар.

67 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының жеңімпазы, венгриялық Вивиана Мартон алтын медальға басты үміткерлердің бірі болмақ. Ал 67 келіден жоғары салмақта әлем чемпионы, бельгиялық Сара Шаари бақ сынайды.

Гран-при финалының басты ерекшелігі - қатысушылар санының шектеулі болуы. Сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінің әрқайсысында небәрі 16 спортшы өнер көрсетеді. Сондықтан алғашқы айналымнан бастап-ақ әлемнің үздік таеквондошылары арасында тартысты кездесулер күтіледі.

Турнир жеңімпазына 100 рейтингтік ұпай беріледі. Күміс жүлдегер 60, ал қола медаль иегері 36 ұпай еншілейді.

Бұл көрсеткіштер олимпиадалық рейтингте есепке алынып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алу жолында маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie