Асу Алмабаев – Кейдзи Хоригути: қазақстандық файтердің UFC-дегі жекпе-жегін қашан және қайдан көруге болады
21 қарашада Катар астанасы Дохада UFC Fight Night 294 турнирі өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл жарыстың басты оқиғаларының бірі – Асу Алмабаевтың октагонға шығуы. Отандасымыз аса жеңіл салмақтағы UFC рейтингінде өзінен жоғары тұрған тәжірибелі жапон файтері Кейдзи Хоригутимен күш сынасады. Бұл жолы чемпиондық белбеу сарапқа салынбағанымен, жекпе-жек нәтижесі екі спортшының да алдағы мүмкіндіктеріне айтарлықтай әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды Sports24.kz.
32 жастағы Алмабаев кезекті айқасы қарсаңында кәсіпқой мансабында 24 жеңіске жетіп, үш рет жеңілген. Қазір ол UFC рейтингінде жетінші орында тұр. Ал қарсыласы Хоригути бесінші сатыға жайғасқан. Сондықтан жапон спортшысын жеңу Асу үшін чемпиондық атаққа үміткерлер қатарына жақындай түсудің маңызды қадамы болмақ.
2023 жылдың тамызында UFC-дегі алғашқы кездесуін өткізген Алмабаев содан бері сегіз жекпе-жекке шығып, жетеуінде қарсыласынан басым түсті. Әлемдегі ең беделді ММА ұйымындағы жалғыз жеңілісін ол 2025 жылдың наурызында португалиялық Манел Капеден қабылдаған еді. Сол сәтсіздіктен кейін қазақстандық спортшы қайтадан жеңісті жолға түсіп, қатарынан үш айқаста қарсыластарын тізе бүктірді.
Әсіресе оның соңғы жекпе-жегі жанкүйерлер есінде қалды. 27 маусымда Бакуде өткен UFC турнирінде Асу америкалық Чарльз Джонсонмен кездесті. Отандасымыз алғашқы минуттардан бастап қарсыласына өзіне ыңғайлы күрес мәнерін таңуға тырысты. Ол жекпе-жекті бірнеше мәрте партерге ауыстырып, америкалықтың еркін қимылдауына мүмкіндік бермеді.
Бірінші раундта Алмабаев күрестегі басымдығын байқатса, екінші бесминуттықта тік тұрып айқасуда да осал емес екенін көрсетті. Соған қарамастан, қарсыласын бақылауда ұстап, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтайтын сәтті күтуге басымдық берді.
Шешуші сәт үшінші раундта туды. Джонсонның арқасына шыққан Асу алдымен қылқындыру әдісін қолдануға ұмтылды. Кейін қарсыласының аяғына ауысып, аралас жекпе-жекте сирек кездесетін «Сулоев әдісін» сәтті орындады.
Үшінші раундтың 3:33 минутында америкалық спортшы жеңілгенін мойындауға мәжбүр болды. Бұл UFC тарихында аталған әдіс арқылы тіркелген небәрі төртінші жеңіс еді.
Бакудегі табыс Алмабаевтың рейтингтегі орнын нығайтып қана қоймай, чемпиондық белбеуге таласу ниетін тағы бір мәрте айқындады. Енді ол өз мүмкіндігін тәжірибесі әлдеқайда мол қарсыласпен кездесуде дәлелдеуге тиіс.
Кейдзи Хоригути де осал қарсылас емес. Жапон файтері кәсіпқой мансабында 36 рет жеңіске жетіп, алты мәрте жеңілген. Ол аралас жекпе-жек әлемінде бұрыннан танымал және жоғары деңгейдегі айқастарда мол тәжірибе жинаған спортшылардың бірі.
Дегенмен Хоригутидің соңғы кездесуі сәтсіз аяқталды. Маусым айында ол Манел Капемен күш сынасып, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.
Осылайша, қос спортшы Дохадағы турнирге әртүрлі нәтижемен келіп отыр. Алмабаев жеңісті сериясын жалғастырып, рейтингте жоғарылауды көздесе, Хоригути соңғы сәтсіздігін ұмыттырып, өз орнын нығайтуға тырысады.
Бір қызығы, екеуі де бұған дейін Манел Капеден жеңілген. Енді олардың өзара кездесуі аса жеңіл салмақтағы үздіктер арасындағы тартысқа жаңа серпін беруі мүмкін.
Алмабаев – Хоригути жекпе-жегі қашан және қайдан көрсетіледі?
UFC Fight Night 294 турнирі 21 қарашада Катар астанасы Дохадағы ABHA Arena спорт кешенінде өтеді.
Алдын ала жекпе-жектер Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады. Ал негізгі кардтың басталуы 23:00-ге жоспарланған. Асу Алмабаев пен Кейдзи Хоригутидің кездесуі басты кардқа енгізілген.
Қазақстандық файтердің жекпе-жегі шамамен сағат 23:20-да басталады. Дегенмен спортшылардың октагонға шығатын нақты уақыты алдыңғы кездесулердің ұзақтығына байланысты өзгеруі мүмкін.
Жекпе-жекті UFC ұйымының ресми трансляциялық платформалары арқылы тамашалауға болады.
Айта кетейік, Дохадағы турнирде Алмабаевтан бөлек тағы бір қазақстандық спортшы – Дияр Нұрғожай да өнер көрсетеді. Осылайша, отандық ММА жанкүйерлері бір кеште әлемдегі ең беделді аралас жекпе-жек ұйымында ел намысын қорғайтын екі файтердің өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болады.