Лионель Мессидің клубын GTA VI-дің шығуына орай қайта атады
Sofascore статистикалық порталы көптен күткен Grand Theft Auto VI бейнеойынының шығуына ерекше түрде үн қатып, америкалық «Интер Майами» футбол клубының атауын өзгертті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Платформада «Алтын доптың» сегіз дүркін иегері Лионель Мессидің командасы «Интер Вайс-Сити» деп аталды. Клуб эмблемасына да тиісті өзгерістер енгізіліп, Майами атауы ойдан шығарылған қаланың атауымен алмастырылды.
Дәл «Интер Майамидің» таңдалуы кездейсоқ емес. GTA сериясының жанкүйерлеріне 2002 жылғы аттас ойыннан таныс Вайс-Сити Майами негізінде жасалған және франшизаның алтыншы бөліміндегі негізгі орындардың бірі саналады.
Бұл қала бұған дейін 2006 жылы шыққан Grand Theft Auto: Vice City Stories ойынында да көрініс тапқан.
«Интер Майами» 2018 жылы құрылған, ал MLS чемпионатындағы дебютін 2020 жылы жасады. Лионель Месси 2023 жылдың жазында клубқа ауысқаннан кейін команда әлемге кеңінен танылды.
Айта кетейік, атауды өзгерту — статистикалық порталдың бастамасы. Бұл америкалық клубтың атауы ресми түрде өзгерді дегенді білдірмейді.
Серияның бұған дейінгі нөмірленген бөлімі — Grand Theft Auto V — 2013 жылдың қыркүйегінде шыққан.