Роналдуға 1000 гол межесіне жету үшін қанша гол қалды
Криштиану Роналду көптен көздеген мыңыншы голына бір табан жақындай түсті. «Әл-Насрдың» 41 жастағы шабуылшысы Сауд Арабиясы чемпионатында «Әл-Ахлиге» қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуде мергендігімен көзге түсіп, кәсіби мансабындағы голдарының санын 986-ға жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Португалиялық футболшы кездесудің 14-минутында-ақ өзінің гол соғу шеберлігін паш етті. Қарсылас қорғаушыларының қателігін ұтымды пайдаланған Роналду айып алаңында бұрыла бере допты қақпаның алыс бұрышына дәл бағыттады.
Бұл бес дүркін «Алтын доп» иесінің кәсіби мансабындағы 986-голы болды. Енді тарихи мыңдық межеге жету үшін оған небәрі 14 гол соғу қажет.
Арада төрт минут өткенде Роналду бұл көрсеткішті тағы да жақсартуға мүмкіндік алды. «Әл-Наср» капитаны пенальти орындауға келіп, допты қақпа бағанасына тигізді. Осылайша, португалиялық шабуылшы дубль авторы атанып, 987-голын соғатын мүмкіндігін пайдалана алмады.
Кездесуді сәтті бастағанына қарамастан, қонақтар басымдығын сақтап қала алмады. Бірінші таймның аяқталуына қосылған алғашқы минутта Галено алыстан дәл соққы жасап, есепті теңестірді.
Үзілістен кейін алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алды. 71-минутта Айвен Тоуни пенальтиді сәтті орындап, «Әл-Ахлиді» алға шығарды. Көп ұзамай Роджер Ибаньес бұрыштамадан берілген допты қақпаға бағыттап, командасының басымдығын арттырды.
Нәтижесінде Джидда клубы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Роналду алаңда толық 90 минут өткізгенімен, командасын жеңілістен құтқара алмады. Оның голы «Әл-Насрдың» осы кездесудегі жалғыз нәтижелі соққысы болып қалды.
Бұл жеңілістен кейін «Әл-Наср» 28 ұпаймен Сауд Арабиясы чемпионатының турнирлік кестесінде үшінші орында қалды. Көш бастап тұрған «Әл-Хиляльдан» екі ұпайға қалып келеді. Оның үстіне, қарсыласының қоржынында әлі бір ойын қоры бар.
Ал мың голдық межеге ұмтылу Роналду мансабының соңғы кезеңіндегі басты оқиғалардың біріне айналып отыр.
Португалиялық шабуылшы кәсіби футболдағы ұзақ жылдарында лиссабондық «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», туриндік «Ювентус» және «Әл-Наср» сапында қарсылас қақпаларын сан мәрте дәл көздеді. Сондай-ақ Португалия ұлттық құрамасында да нәтижелі ойынымен ерекшеленді.
Бұған дейін 41 жастағы футболшы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Ол Португалия жейдесінде 234 кездесу өткізіп, 146 гол соқты. Дегенмен Роналду клубтық деңгейдегі өнерін жалғастырып, тарихи көрсеткішке қол жеткізу мүмкіндігін сақтап отыр.
Португалиялық жұлдыздың мыңыншы голға тағы бір қадам жақындайтын келесі мүмкіндігі 28 қарашада туады. Сол күні «Әл-Наср» сырт алаңда «Әл-Хазммен» кездеседі. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 17:15-те басталады.