locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Кравец «Барысты» «Авангардты» жеңу үшін не жетіспегенін түсіндірді

Кравец КХЛ-де «Авангардтан» ұтылғаннан кейін «Барыстың» ойынына баға берді
Хоккей
Кравец «Барысты» «Авангардты» жеңу үшін не жетіспегенін түсіндірді
ФОТО: Барыс ХК

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында қатарынан екінші рет жеңіліс тапты. Бұл жолы Михаил Кравецтің командасы сырт алаңда омбылық «Авангардқа» 1:3 есебімен жол берді. Матчтан кейін қазақстандық клубтың бас бапкері сәтсіздіктің себептерін талдап, жергілікті тәрбиеленушілердің әрекетін атап өтті және команданың чемпионаттағы жағдайына баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Маманның пікірінше, қорытынды есеп мұз айдынында болған жайтты толық көрсете алмайды. Кравец шәкірттерінің бұдан да жақсы нәтижеге жетуге мүмкіндігі болғанын, алайда кездесудің басындағы қателіктері үшін тағы да жазаланғанын айтты.

«Меніңше, бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге әбден мүмкіндігіміз болды. Алғашқы гол мүлде қажетсіз қателіктен кейін соғылды. Қарсыластың сан басымдығында қаншалықты қауіпті екенін білдік, соған дайындалдық, бірақ бәрібір қателік жібердік. Мұндай шайба, әрине, команданың көңіл күйіне әсер етеді. Соған қарамастан, біртіндеп ойынды теңестіріп, қақпаға жиірек соққы жасай бастадық. Үшінші кезеңде есеп айырмасын қысқартуға жеткілікті сәттер болды. Сан басымдығын пайдалануға да мүмкіндік туды, бірақ бүгін оны іске асыра алмадық. Дегенмен команда соңғы минуттарға дейін күресіп, есепті теңестіруге тырысты. Өкінішке қарай, бұл жолы олай болмады», - деді Кравец.

Бас бапкер қазақстандық хоккейшілердің ойынына да арнайы тоқталды. Бұл кездесуде «Барыстың» жалғыз шайбасын Ансар Шайхмедденов соқты. Ол бұған дейінгі «Салават Юлаевқа» қарсы матчта да көзге түскен еді.

«Өз жігіттеріміз гол соққанда әрдайым қуаныштымын. Шайхмедденов өткен ойында да мергендік танытты, ал бүгін қарсылас қақпасының алдында жақсы ойнады. Жалпы, төртінші звено өте жақсы көрінді, команданың қарқынын көбіне осы хоккейшілер қалыптастырды. Сондықтан үшінші кезеңде оларды мұзға алғашқылардың бірі болып шығардық. Әрине, мұндай ойын қуантады. Осындай хоккейшілер көбейсе екен деймін», - деп атап өтті маман.

Маусымның осы кезеңіндегі команда нәтижелері туралы айтқан Кравец «Барыстың» бұдан да көп ұпай жинай алатынын мойындады. Дегенмен бапкер сәтсіздіктерді тек ойыншылар тапшылығымен байланыстырмады.

«Әрине, әрдайым көбірек алғың келеді. Соңғы бес сырт алаңдағы матчты еске алсақ, кейбірінде жеңіске жете алар едік, ал кейбірінде тым болмағанда ойынды тең аяқтауға мүмкіндік болды. Бір сәттерде күш жетпеді, басқа кездерде шыдамдылық, ал бүгін орындаушылық шеберлік ақсады. Әр нәрседен аздап болды. Бірақ команда сағын сындырмай, жұмысын жалғастырып жатыр. Иә, қосалқы құрамымыз аса ұзын емес, дегенмен жігіттер барын салып жүр. Өз күшімізге сеніп, алға жылжуымыз керек», - деді бас бапкер.

Сан басымдығындағы ойын да назардан тыс қалмады. «Салават Юлаевқа» қарсы өткен алдыңғы матчта астаналықтар артық ойыншыны пайдалана алған еді, алайда Омбыда сол жетістігін қайталай алмады.

«Бүгін дәл емес әрекеттер тым көп болды. Оның үстіне, барлық хоккейші таңертең егжей-тегжейлі талдаған тапсырманы орындамады. Негізгі мәселе дәлдікте болды. Сонымен бірге қарсыласқа да құрмет көрсету керек: «Авангард» аз құраммен өте сенімді ойнайды. Осындай ойынның өзінде гол соғуға мүмкіндігіміз болды, бірақ оларды пайдалана алмадық», - деп түсіндірді Кравец.

Қорытынды жиырма минутта «Барыс» қарсылас қақпасына толыққанды шабуыл ұйымдастыра алмады деген пікірге бас бапкер келіспеді.

«Шабуыл болған жоқ деген — сіздің пікіріңіз. Біз қанша мүмкіндік жасағанымызға және қарсыластың қанша сәті болғанына қараңыз. Олар біздің аймаққа неше рет кірді? Менің ойым басқа. Керісінше, үшінші кезеңнің басым бөлігін шабуыл аймағында өткіздік. Оның үстіне, әлсіз командаға қарсы ойнамағанымызды да ұмытпау керек», - деп түйіндеді маман.

28 матчтан кейін «Барыс» 29 ұпаймен КХЛ Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр. «Авангард» 27 кездесуде 34 ұпай жинап, екінші сатыға жайғасты.

Астаналықтар келесі матчын 22 қарашада өз мұз айдынында минскілік «Динамоға» қарсы өткізеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie