locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Еркебұлан Тоқтардың келесі жекпе-жегі ресми жарияланды: қарсыласы кім?

Еркебұлан Тоқтар өзін «тас-талқан етемін» деп сес көрсеткен ресейлік файтермен жұдырықтасады
ММА
Еркебұлан Тоқтардың келесі жекпе-жегі ресми жарияланды: қарсыласы кім?
ФОТО: Нургали Жумагазы

Қазақстандық актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар мен ресейлік Магомед Зайналов арасындағы әлеуметтік желідегі текетірес енді рингте жалғасады. Екі спортшы 12 желтоқсанда Алматыдағы «Алматы Аренада» өтетін IBA Nomad 17 турнирінде кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz лиганың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Веном» лақап атымен танымал Зайналов бұған дейін қазақстандық файтерді ашық жекпе-жекке шақырған болатын. Ресейлік спортшы Тоқтарды жергілікті жанкүйерлердің көзінше «тас-талқан ететінін» айтып, көпшіліктің назарын аударды.

Еркебұлан да қарсыласының мәлімдемесін жауапсыз қалдырмады. Ол әлеуметтік желіде әзіл аралас бейнеүндеу жариялап, алдымен Зайналовтың өз тегін қате айтқанын келемеждеді. Кейін 12 желтоқсанда Алматыда кездесуге дайын екенін жеткізді.

«Алматыға келсін, сол жерде бәрін анықтаймыз», – деді қазақстандық спортшы.

Осылайша, әлеуметтік желідегі сөз таласы көп ұзамай нақты жекпе-жекке ұласты.

Тоқтар соңғы рет 28 тамызда Астанада өткен International Boxing Day бокс кешінде өнер көрсетті. Ол кезде қазақстандық файтер Өзбекстан өкілі Бобиржон Исроиловпен қолғап түйістірген еді.

«Испанчик» лақап атымен белгілі қарсыласымен өткен кездесу тартысты өрбіді. Еркебұлан өзбекстандық спортшыны төрт рет нокдаунға жіберіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл оның кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісі болды.

Ал Зайналовтың соңғы кездесуі сәтсіз аяқталды. Ресейлік спортшы 24 қазанда Иркутск қаласында ұйымдастырылған «Сибирский легион. Новое кумите» турнирінде Руслан Гусейновпен чемпиондық белбеу үшін айқасты. Алайда бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.

Енді Тоқтар кәсіпқой бокстағы жеңісті жолын жалғастыруға тырысса, Зайналов қазан айындағы сәтсіздігін ұмыттырып, қайтадан жеңіске жетуді көздейді.

Екі спортшының бұған дейінгі өткір мәлімдемелерін ескерсек, Алматыдағы кездесу жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудыруы мүмкін. Дегенмен кімнің сөзі мен ісі сәйкес келетінін 12 желтоқсандағы жекпе-жек көрсетеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie