Қазақстан Еуро-2028 іріктеуіндегі ықтимал қарсыластарын білді: ұлттық құрама кімдермен кездесуі мүмкін
2028 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі қарсаңында ұлттық құрамалар бес себетке бөлінді. 2026/27 жылғы Ұлттар лигасының топтық кезеңі аяқталған соң Қазақстан төртінші себеттен орын алды. Демек, желтоқсанда өтетін жеребеде отандастарымыз Еуропаның алпауыт құрамаларының бірімен бір топқа түсуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Іріктеуге қатысатын 54 құрама Ұлттар лигасының жалпы рейтингі негізінде орналастырылды. УЕФА жариялаған жеребе рәсімінің ережесіне сәйкес, Қазақстан бұл тізімде 45-орында тұр.
Төртінші себетке Қазақстанмен бірге Эстония, Беларусь, Фарер аралдары, Кипр, Финляндия, Молдова, Армения, Болгария, Люксембург, Латвия және Сан-Марино құрамалары енді. Бір себеттегі командалар жеребе кезінде өзара бөлінетіндіктен, аталған елдер іріктеу кезеңінде Қазақстанға қарсылас болмайды.
Еуро-2028 іріктеуінде Қазақстан кімдермен кездесуі мүмкін?
Ұлттық құрамамыз үшін ең мықты қарсыластар бірінші себетте орналасқан. Олардың қатарында Англия, Франция, Испания, Германия және Португалия секілді Еуропа футболының жетекші құрамалары бар.
Қазақстанның ықтимал қарсыластарының толық тізімі төмендегідей.
Бірінші себет:
Англия, Португалия, Франция, Германия, Испания, Бельгия, Нидерланд, Норвегия, Грекия, Италия, Дания, Хорватия.
Екінші себет:
Уэльс, Сербия, Түркия, Чехия, Швейцария, Швеция, Аустрия, Солтүстік Ирландия, Словения, Босния және Герцеговина, Мажарстан, Ирландия.
Үшінші себет:
Украина, Шотландия, Косово, Польша, Израиль, Румыния, Грузия, Солтүстік Македония, Черногория, Албания, Исландия, Словакия.
Бесінші себет:
Мальта, Әзербайжан, Литва, Андорра, Гибралтар, Лихтенштейн.
Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы үш себеттің әрқайсысынан бір-бір қарсылас алады. Егер ұлттық командамыз бес қатысушыдан тұратын топқа түссе, оған бесінші себеттен тағы бір құрама қосылады.
Сонымен қатар УЕФА жеребе тарту кезінде бірқатар шектеуді ескереді. Атап айтқанда, командалардың алыс қашықтыққа сапар шегуіне байланысты арнайы талаптар қарастырылған. Сондықтан құрамалардың барлық ықтимал үйлесіміне бірдей рұқсат берілмейді.
Еуро-2028 іріктеуінің жеребесі қашан тартылады?
Жеребе тарту рәсімі 6 желтоқсанда Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өтеді. Басталуы – Қазақстан уақытымен сағат 22:00-де.
Іріктеу кезеңіне барлығы 54 ұлттық құрама қатысады. Олар 12 топқа бөлінеді. Алты топта төрт командадан, қалған алтауында бес құрамадан өнер көрсетеді.
Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары 2027 жылдың наурызынан қарашасына дейін жалғасады. Топтарда бірінші орын алған 12 құрама мен екінші орын иеленген үздік сегіз команда құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады.
Қалған жолдамалар Ұлттар лигасының командалары да қатысатын қосымша іріктеу арқылы сарапқа салынады. Сонымен бірге турнирді қабылдайтын елдер негізгі іріктеу арқылы өте алмаған жағдайда, оларға екі орын қарастырылған.
Еуро-2028 турнирінің финалдық кезеңі Ұлыбритания мен Ирландияда өтеді.