locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Еркебұлан Тоқтарға жаңа қарсылас табылды ма? Сарапшы өзбекстандық нокаутермен жекпе-жек ұйымдастыруды ұсынды

Сарапшы Еркебұлан Тоқтардың келесі жекпе-жегін өзбекстандық нокаутер Аббиге қарсы өткізуді ұсынды
Еркебұлан Тоқтарға жаңа қарсылас табылды ма? Сарапшы өзбекстандық нокаутермен жекпе-жек ұйымдастыруды ұсынды
ФОТО: IG Тоқтар

Қазақстандық актер әрі боксшы Еркебұлан Тоқтар Астанада өткен IBA Nomad турнирінде кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Тоқтардың қарсыласы Өзбекстан өкілі Бобиржон «Испанчик» Исроилов болды. Супер орта салмақтағы айқас төрт раундқа жоспарланған еді, алайда жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды.

Екінші раундта Еркебұлан техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісін тіркеді. Ал Исроилов үшін бұл кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңіліс болды.

Жекпе-жектен кейін жекпе-жек спортының сарапшысы әрі күрес жаттықтырушысы Дарын Арман Sports24.kz тілшісіне Тоқтардың өнеріне баға беріп, оның келесі қарсыласы кім болғанын қалайтынын айтты.

«Еркебұланның әр жекпе-жегі – шоу»

Арманның пікірінше, Тоқтар жоғары деңгейде өнер көрсетумен қатар, әр жекпе-жегінің айналасында ерекше атмосфера қалыптастыра алатын санаулы қазақстандық спортшылардың бірі.

«Еркебұланның әр жекпе-жегі – шоу. Шығуынан бастап, жекпе-жектен кейін айтатын сөздеріне дейін бәрі көрерменге әсер береді. Ол мансабын аяқтағанда өкінішті болады, өйткені бізде дәл қазір аренаны толтыра алатын, шоу жасайтын оған ұқсас балама боксшылар жоқ».

Сарапшы Исроиловпен өткен айқасты да ерекше атап өтті. Бұл кездесуде екі боксшы да нокдаунға түсіп үлгерді.

«Бұл Big Drama Show-ға ұқсап кетті»

Арманның айтуынша, Тоқтар мен Исроилов көрерменге дәл осындай турнирге лайық тартысты жекпе-жек сыйлады.

«Жекпе-жектің өзі де өте қызық өтті. Тіпті Big Drama Show-ға ұқсап кетті деуге болады. Алдымен Еркебұланның өзі нокдаунға түсті, кейін орнынан тұрып, бір раундтың ішінде өзбекстандық боксшыны үш рет ауыр нокдаунға жіберді де, жекпе-жекті тамаша жеңіспен аяқтады».

Сарапшы Тоқтарды Аббиге қарсы көргісі келеді

Сонымен қатар маман Еркебұланның IBA Nomad аясындағы келесі ықтимал қарсыласын да атады. Оның айтуынша, Өзбекстаннан шыққан Абби Тоқтар үшін әлдеқайда салмақты спорттық сынақ болар еді.

«Еркебұлан Тоқтардың осы өзбекстандық Аббиге қарсы жекпе-жегін көргім келеді. Қателеспесем, ол толыққанды спортшы және кәсіпқойлармен бірге жаттығады».

Сарапшының пікірінше, мұндай айқасты Өзбекстанда өткізу әсіресе қызық болмақ. Себебі IBA Nomad келесі турнирлерінің бірін осы елде өткізуді жоспарлап отыр.

«Nomad-тың Өзбекстанда турнир өткізу жоспары бар. Дәл сол жерде Тоқтар мен Аббидің жекпе-жегін көргім келеді. Меніңше, бұл үлкен әрі әсерлі шоу болар еді».

Бұған дейін осы турнирде Сәкен Бибосынов тәжірибелі африкалық боксшы Иммануэль Йозефті жеңсе, кештің басты жекпе-жегінде Санжар Тәшкенбай Нил Джакамосты ұтып, WBA Asia белбеуін иеленді.

Темірбеков Самрат
Темірбеков Самрат
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie