Еркебұлан Тоқтар жекпе-жектен қанша гонорар алатынын айтты
Еркебұлан Тоқтар өз жекпе-жектерінің қаржылық жағына тоқталып, бір айқас үшін алатын шамамен гонорарын атады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық спортшының айтуынша, ол рингке шамамен үш айда бір рет шығады. Ал бір жекпе-жектен түсетін табысы орта есеппен 40-50 миллион теңгені құрайды. Тоқтар келісімшарт талаптарын алдын ала талқылап, өзінің медиялық құнын да ескеретінін жасырмайды.
«Мен үш айда бір рет жекпе-жек өткіземін де, содан кейін міндетті түрде бір жаққа демалуға ұшып кетемін. Орта есеппен 40-50 миллион теңге аламын. Саудаласамын. Өзімді осылай сатамын», - деді Тоқтар.
Боксшы сондай-ақ All Star Boxing промоутерлік компаниясының иесі, Данияр Елеусіновтің бұрынғы промоутері Зия Алиевпен болған кездесуін де еске алды. Еркебұланның сөзінше, Алиев оған салынған қаражаттың ақталғаны үшін арнайы алғыс білдірген.
Жуырда Тоқтар рингте де өзін тағы бір мәрте көрсетті. Астанада өткен IBA Nomad турнирінде ол Өзбекстан өкілі Бобиржон «Испанчик» Исроиловпен жұдырықтасты.
Кездесу кәсіпқой бокс ережесі бойынша өтіп, екінші раундта аяқталды. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Бұл жекпе-жекке қосымша қызығушылық тудырған тағы бір жайт болды. Исроиловтың бұрышында Оғабек Абдумуминов секундант ретінде жұмыс істеді. Бұл жағдай Тоқтардың «Сатурн» лақап атымен танымал боксшымен ықтимал жекпе-жегі туралы әңгімені одан әрі қыздыра түсті.
Осылайша, Еркебұлан мен «Сатурн» арасындағы ықтимал айқас енді тек спорттық қызығушылықпен шектелмейді. Астанадағы турнирден кейін бұл қарсыластықтың айналасында жаңа оқиға желісі де қалыптасты.