Бекзат Алмахан жаңа промоушенмен келісімшартқа отырды
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмахан мансабын грузиялық RKENA промоушенінде жалғастырады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұйым өкілдері спортшымен келісім жасалғанын ресми түрде әлеуметтік желілерде жариялады.
«RKENA отбасына Қазақстанның үздік файтерлерінің бірі Бекзат Алмаханды қарсы алайық!» – деп жазылған промоушен мәлімдемесінде.
Бұған дейін Алмахан UFC-де өнер көрсеткен. 13 тамыз күні қазақстандық спортшы америкалық ұйыммен барлық төрт жекпе-жекті өткізіп, келісімшартын аяқтағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта UFC-дің ресми сайтында оның мәртебесі «Not Fighting» деп көрсетілген.
Бекзат Алмаханың UFC-дегі өнері
UFC-де Алмахан 11-1 кәсіби рекордпен дебют жасады. Қазақстандық файтердің алғашқы жекпе-жегі 2024 жылдың наурызында өттіп, ол октагонда Умар Нурмагомедовке қарсы шықты. Жекпе-жектің басында Алмахан ресейлік спортшыны нокдаунға түсірді, алайда Нурмагомедов күреске басымдық беріп, кездесуді төрешілердің бірауызды шешімімен өз пайдасына аяқтады.
Келесі кездесуін Алмахан 2025 жылдың мамырында канадалық Брэд Катонаға қарсы өткізді. Қазақстандық файтер UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, қарсыласын бірінші раундтың 64-ші секундында нокаутқа жіберді.
2025 жылдың қарашасында Алмахан UFC-дің бұрынғы чемпионы Илия Топурияның ағасы Александр Топуриямен кездесті. Бұл айқас толық үш раундқа созылып, төрешілердің бірауызды шешімімен испандық спортшы жеңіске жетті.
UFC-дегі соңғы жекпе-жегін қазақстандық спортшы 2026 жылдың 27 маусымында Бакуде өткізді. Оның қарсыласы бразилиялық Жан Мацумото болды. Бұл айқаста Алмахан төрешілер шешімімен ұтылды.
Осылайша, UFC-дегі мансабында Алмахан бір жеңіс пен үш жеңіліске ие болды. Қазіргі кәсіби рекорды – 12-4.
Енді қазақстандық файтер мансабын RKENA ұйымында жалғастырады. Оның дебюттық айқасы мен қарсыласының есімі әлі хабарланбады.