Асу Алмабаев UFC-дегі жекпе-жек алдында танымал қазақ мемдері туралы айтты
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев танымал мемдер туралы әңгімеге қатысып, әлеуметтік желілерде кең тараған бірнеше видео мен суретті еске алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Видеоның басында спортшы көрермендермен амандасып, қазақ интернет-мемдерін табуға тырысатынын айтты. Алмабаев алғашқылардың бірі болып желіде танымал болған Шавкат Рахмоновтың биін еске алды. Жауынгер: «Жақсы билеген адам жақсы төбелеседі», — деп қосты.
Асу «Тұр, Ержан» деген тіркесі бар мемді де таныды. Спортшының айтуынша, «Ержан, оян» деген сөз адамды ұйқысынан оятудың өзіндік тәсіліне айналған. Бұған қоса, орындалмай қалған армандар туралы әзілдерде де қолданылады.
Алмабаев Жалғас Жұмағұловтың ерекше шаш үлгісімен түскен суреттеріне де пікір білдірді. Жауынгер оның қазір бейнесі өзгерген болар деп топшылады.
Асу Алмабаев пен Кёджи Хоригучидің жекпе-жегі 21 қарашада Қатардың Доха қаласында UFC Fight Night 294 турнирінің негізгі кардында өтеді. Қазақстандық жауынгер үшін бұл — жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпиондық айқасқа үміткерлер қатарындағы орнын нығайтудың мүмкіндігі.
Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов UFC-мен елде турнир өткізу жөніндегі келіссөздер жалғасып жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, іс-шараны 2027 немесе 2028 жылдары өткізу мәселесі қарастырылып жатыр, ал талқылау қорытындысын қараша айының соңына дейін жариялау жоспарланған.