«Локомотив» – «Барыс». Тікелей эфир. LIVE-трансляция
20 қыркүйекте «Барыс» сырт алаңдағы сериясын Ярославльдің «Локомотивіне» қарсы матчпен жалғастырады. ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясындағы кездесу Ярославльде өтіп, Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Локомотив» бұл ойынға әзірге ұпай жоғалтпаған команда ретінде келеді. Ярославльдік клуб маусым басындағы алты матчының барлығында жеңіске жетіп, мүмкін болған 12 ұпайды толық жинады. Соңғы кездесуде «Локомотив» өз айдынында Омбының «Авангардын» 2:1 есебімен жеңді.
Ал «Барыстың» маусым басындағы нәтижелері біркелкі болмаса да, команда алғашқы ойындарда нәтижелі хоккей көрсетті. Астаналықтар чемпионатты «Сібірді» 7:1 есебімен ойсырата жеңуден бастады. Артынша «Салават Юлаевпен» өткен тартысты кездесуде 8:6 есебімен басым түсті.
Қатарынан екі жеңістен кейін «Барыс» алғаш рет ұпай жоғалтты. Астаналық клуб «Амурға» 1:3 есебімен есе жіберді. Алайда келесі матчта команда сәтсіздіктің орнын толтырып, сырт алаңда «Ладаның» қақпасына жауапсыз алты шайба соқты - 6:0.
Магнитогорскіде жеңісті жалғастыру мүмкін болмады. Маусымдағы бесінші кездесуінде «Барыс» «Металлургтің» қақпасын аша алмай, 0:3 есебімен жеңілді.
Осылайша, «Локомотивпен» кездесу алдында астаналық клубтың еншісінде үш жеңіс пен екі жеңіліс бар. Бес матчта «Барыс» 22 шайба соғып, өз қақпасына 13 шайба жіберді және алты ұпай жинады.
Ал командалардың соңғы өзара кездесуі «Барыстың» пайдасына аяқталған. Өткен жылдың қарашасында астаналықтар Ярославльде «Локомотивті» 4:0 есебімен ойсырата жеңген еді.
«Локомотив» - «Барыс» матчының тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасында көрсетіледі. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.