Қазақстан Азиада-2026 додасындағы алғашқы алтынын жеңіп алды
Қазақстан құрамасының Азиада-2026 додасындағы алғашқы алтын медалі қоржынға түсті. Әйелдер арасындағы тасжолдағы жекелей веложарыста Рината Сұлтанова мәреге бірінші болып келіп, Азия ойындарының чемпионы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық велошабандоз қашықтықты 36 минут 23,72 секундта бағындырды. Ол алтын жүлде үшін таласта Қытай өкілі Чжан Хаоны артта қалдырды. Қытайлық спортшының нәтижесі - 36:28.40. Ал үздік үштікті Оңтүстік Корея өкілі Син Джихын түйіндеді - 36:56.14.
Осылайша, Сұлтанова Қазақстанға XX жазғы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медальді алып келді.
Қазақстан медаль қоржынын толықтыра бастады
Сұлтанованың жеңісіне дейін Қазақстан құрамасы турнирдегі алғашқы жүлдесіне қол жеткізген еді. Ерлер арасындағы триатлон бәсекесінде Арлан Жанабай қола медаль иеленді.
Енді Қазақстан құрамасының қоржынында екі түрлі жүлде - алтын және қола медаль бар.
Азия ойындары Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатыр. Қазақстан атынан құрлықтың басты додасына 559 спортшы қатысуда. Жалпы жарысқа 11 мыңнан астам атлет жиналған.
Азиада аясында 43 спорт түрі мен 71 дисциплина бойынша 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар 4 қазанға дейін жалғасады.