«Авангардтан» жеңілгеннен кейін «Барыс» ҚХЛ турнирлік кестесінде нешінші орында
20 қарашада «Барыс» Континенталдық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясындағы кезекті матчта омбылық «Авангардқа» 1:3 есебімен жол берді. Бұл жеңіліс қазақстандық команданың Шығыс конференциясының турнирлік кестесіндегі орнын өзгерткен жоқ, деп хабарлайды Sports24.kz.
28 матчтан кейін Михаил Кравец шәкірттерінің еншісінде 29 ұпай бар. Олар плей-офф аймағын түйіндеп, сегізінші орында тұр. Қазандық «Ак Барс» та осынша ұпай жинаған, алайда Татарстан клубы екі матч артық өткізсе де, бір саты төмен орналасқан.
Шығыс конференциясында 29 матчта 43 ұпай жинаған магнитогорлық «Металлург» көш бастап келеді. 27 ойыннан кейін 34 ұпайы бар «Авангард» екінші орында, ал үздік үштікті 27 матчта 33 ұпай жинаған хабаровскілік «Амур» түйіндейді.
«Барыстан» жоғары тұрған челябілік «Трактордың» 29 матчтан кейін еншісінде 30 ұпай бар. Алтыншы орында тұрған «Салават Юлаевтың» да ұпай саны дәл осындай.
Осылайша, плей-оффқа жолдама беретін үздік сегіздікке ену жолындағы бәсеке әлі де тартысты. Астаналықтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндігі бар, алайда командалардың ұпай айырмашылығы аз болғандықтан, олар өз орнын сенімді деп санай алмайды.
«Барыс» келесі матчын 22 қарашада өз айдынында минскілік «Динамоға» қарсы өткізеді.
