locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

ҚХЛ турнирлік кестесі: «Барыс» «Сибирьден» жеңілгеннен кейін нешінші орынға түсті?

Астаналық «Барыс» Новосібірдің «Сибирь» командасынан өз алаңында 2:3 есебімен жеңіліп, ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде екі саты төмендеді
ҚХЛ турнирлік кестесі: «Барыс» «Сибирьден» жеңілгеннен кейін нешінші орынға түсті?
ФОТО: ХК Барыс

Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Новосібірдің «Сибирь» командасынан жеңілгеннен кейін Шығыс конференциясының турнирлік кестесіндегі орнын жоғалтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Михаил Кравец шәкірттері қатарынан үш матчқа созылған жеңісті сериясын жалғастыра алмай, қонақтарға 2:3 есебімен есе жіберді. Астаналықтар екі кезең бойы 2:1 есебімен алда тұрғанымен, шешуші жиырма минуттықта екі шайба жіберіп алып, жеңісті уысынан шығарып алды.

Бұл жеңіліс қазақстандық клубтың турнирлік кестедегі жағдайына да әсер етті. Омбының «Авангард» командасын 5:1 есебімен ойсырата жеңгеннен кейін «Барыс» үшінші орынға көтерілген еді. Алайда соңғы сәтсіздіктен кейін елордалық ұжым бесінші сатыға сырғыды.

Қазір «Барыстың» 14 кездесуден кейін еншісінде 16 ұпай бар.

Шығыс конференциясында Магнитогорскінің «Металлург» командасы көш бастап тұр. Клуб 15 матчта 23 ұпай жинаған. Екінші орында 18 ұпайы бар «Нефтехимик» орналасса, 17 ұпайдан еншілеген «Амур» мен «Салават Юлаев» үшінші және төртінші орындарға көтерілді.

Екі саты төмендегеніне қарамастан, «Барыстың» үздік үштікке қайта оралу мүмкіндігі сақталып отыр. Астаналықтар «Амур» мен «Салават Юлаевтан» небәрі бір ұпайға, ал екінші орындағы «Нефтехимиктен» екі ұпайға қалып келеді.

Дегенмен турнирлік кестенің орта тұсындағы бәсеке де қыза түскен. Қазанның «Ак Барс» командасы 15 ұпаймен «Барыстың» өкшесін басып келеді. Ал Екатеринбургтің «Автомобилист» клубы бір ойын кем өткізіп, 14 ұпай жинаған.

«Барысты» жеңген Новосібірдің «Сибирь» командасы сегізінші орынға көтерілді. Қазір оның 15 матчтан кейін 13 ұпайы бар. Бұл астаналық клубтың көрсеткішінен үш ұпайға аз.

«Барыс» келесі кездесуін 14 қазанда Екатеринбургтің «Автомобилист» командасына қарсы өткізеді. Матч Астанада өтіп, Қазақстан уақытымен сағат 19:30-да басталады.

ФОТО: Чемпионат
Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie