locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Төрешілермен дауласып жүргенде гол жіберіп алдық»: «Барыс» бапкері ҚХЛ-дағы жеңілістің себебін түсіндірді

Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Новосібірдің «Сибирь» командасынан болған жеңіліске қатысты пікір білдіріп, шәкірттерінің басымдықты неге сақтай алмағанын түсіндірді.
«Төрешілермен дауласып жүргенде гол жіберіп алдық»: «Барыс» бапкері ҚХЛ-дағы жеңілістің себебін түсіндірді
ФОТО: ХК Барыс

Қазақстандық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында «Сибирьге» қарсы өткен кездесуге баға берді. Елордалық команда өз алаңында қарсыласына 2:3 есебімен жол берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алғашқы екі кезеңнен кейін есепте алда тұрғанына қарамастан, астаналықтар шешуші жиырма минуттықта екі шайба жіберіп алып, қатарынан үш матчқа созылған жеңісті сериясын тоқтатты.

Кездесуден кейін Кравец командасының бірнеше қателік жібергенін мойындап, шешуші сәтте хоккейшілерге сабыр жетіспегенін атап өтті.

«Үш жеңістен кейін, әсіресе «Авангардқа» қарсы сәтті ойыннан соң, «Сибирьге» барынша дайын болу керегін түсіндік. Алайда кездесудің басында жинақылық жетіспеді. Екінші кезеңде ойын тізгінін қолға алып, бірнеше мүмкіндік жасадық, бірақ оларды пайдалана алмадық. Ал соңғы минуттарда төрешілерге тым көп көңіл бөлдік. Ойынды жалғастырудың орнына эмоцияға беріліп, нәтижесінде шешуші шайбаны жіберіп алдық», – деді маман.

Бас бапкер құрамдағы өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, негізгі ойыншылардың бірінің ауырып қалуына байланысты хоккейшілердің орналасуын өзгертуге тура келген.

«Логвин ауырып қалды, сондықтан құрамға өзгеріс енгізуге мәжбүр болдық. Егер мұндай жағдай туындамағанда, алдыңғы үш матчта жеңіске жеткізген құрамды сақтайтын едік. Қайыржан мен Өмірбеков өз міндеттерін жақсы орындады. Дегенмен бұрынғы үштіктеріміз, менің ойымша, сенімдірек ойнаған», – деп түсіндірді Кравец.

Сонымен қатар бапкер бірнеше қауіпті сәтте командасын құтқарып қалған қақпашы Хантер Шепардтың өнеріне оң баға берді.

«Қарсыластың қақпашымен бетпе-бет шыққан және екі ойыншымызға қарсы бір хоккейші шабуылдаған сәттері болды. Соған қарамастан, қақпашымыз бірнеше рет команданы құтқарып қалды. Жеңілгенімізге қарамастан, оның ойынына көңілім толады», – деді «Барыс» бапкері.

Осылайша, 14 кездесуден кейін 16 ұпай жинаған «Барыс» ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде бесінші орында тұр.

Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 14 қазанда Екатеринбургтің «Автомобилист» командасына қарсы өткізеді. Матч Астанада өтіп, Қазақстан уақытымен сағат 19:30-да басталады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie