Джейк Масси ҚХЛ-дің үздік қорғаушысы атанды
Астаналық «Барыстың» қорғаушысы Джейк Масси ҚХЛ-дің өткен айдағы үздік қорғаушысы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Үздік қорғаушы атағын мансабында алғаш рет Джейк Масси иеленді. Ол ай ішінде өткізген 10 матчта 8 (3+5) ұпай жинап, пайдалылық көрсеткішін «+7»-ге жеткізді. «Ладаға» (6:0) және «Локомотивке» (5:0) қарсы кездесулерде Масси жеңіс шайбаларының авторы атанды. Сондай-ақ оның еншісінде жеті күштік әдіс, 22 тосқауыл қойылған соққы, үш шайбаны тартып алу және үш тосқауыл жасау бар», – делінген лиганың мәлімдемесінде.
Еске салайық, кеше «Барыс» «Ак Барсқа» есе жіберді. Қазанда өткен кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Қазақстан астанасының клубы 10 ойыннан кейін 10 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бесінші орында келеді. Алда төменгікамалық «Нефтехимикке» (2 қазан) және мәскеулік «Спартакқа» (4 қазан) қарсы сырт алаңдағы екі кездесу бар.
Бұған дейін Джейк Масси ҚХЛ ойыншыларының үшінші апта қорытындысы бойынша үздік үштікке енген.
Ал оның соққан шайбасы лиганың үшінші ойын аптасындағы ең әсерлі голдардың бірі деп танылды. Масси соққан шайба үздік ондыққа еніп, бесінші орынға орналасты.