«Барыс» Кирилл Панюковты бас тарту тізіміне енгізді
Елордалық «Барыс» қазақстандық шабуылшы Кирилл Панюковты бас тарту тізіміне енгізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, 48 сағат ішінде ҚХЛ-дың кез келген клубы хоккейшіге өз жүйесінде мансабын жалғастыруды ұсына алады.
Егер осы 48 сағат ішінде лиганың ешбір клубы ойыншымен келісімшарт жасамаса, ол фарм-клубқа немесе жарыстар жүйесіне кірмейтін басқа командаға жіберіледі.
Кирилл Панюков «Барыс» сапында 2016-2021 жылдар аралығында өнер көрсетті. Кейін шабуылшы «Ак Барс» Қазан клубына ауысып, онда екі маусым өткізді. Бұдан соң ол бір маусымнан Омбының «Авангарды» мен Хабаровскінің «Амур» командаларында ойнап, 2024 жылы Қазақстан астанасына қайта оралды.
Осы маусымда шабуылшы тұрақты чемпионаттағы небәрі екі жеңісті матчқа — Ярославльдің «Локомотиві» мен Нижнекамскінің «Нефтехимигіне» қарсы ойындарға қатысты, алайда нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады.