«Жеңіс» «Алтайды» минималды есеппен ұтып, ҚПЛ-де үш ұпай еншіледі
Астаналық «Жеңіс» Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясында өз алаңында «Алтайды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ белсенді ойнап, қарсылас қақпасына жиі қауіп төндіруге тырысты. Дегенмен үзіліске дейін есеп ашылған жоқ. «Алтай» қақпашысы Данило Кучер бірнеше эпизодта командасын голдан құтқарып қалды.
Матч тағдыры екінші таймда шешілді. 67-минутта Андрия Филипович айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, «Жеңісті» алға шығарды. Арада сегіз минут өткенде сербиялық футболшы дубль авторы атануға мүмкіндік алды, алайда пенальтиден мүлт кетті.
Қалған уақытта «Алтай» таразы басын теңестіре алмады. Ал астаналық ұжым минималды басымдығын соңғы ысқырыққа дейін сақтап қалды.
Қазақстан Премьер-лигасы. 24-тур
«Жеңіс» – «Алтай» – 1:0 (0:0)
Гол: Филипович, 67 – 1:0.
Жүзеге аспаған пенальти: Филипович, 75 («Жеңіс»).
Осы жеңістен кейін «Жеңістің» еншісінде 29 ұпай бар. Команда турнир кестесінде сегізінші орында тұр. Ал 19 ұпайы бар «Алтай» чемпионаттың төменгі бөлігіндегі командалардың қатарында қалды.