Жасырын үйлену тойынан кейін: Джорджина Родригес Роналдудың үш үлкен баласын асырап алды
Криштиану Роналду мен Джорджина Родригестің отбасында тағы бір маңызды оқиға болды. Үйлену тойынан кейін португалиялық жұлдыздың жары футболшының үш үлкен баласын заңды түрде асырап алды, деп хабарлайды Sports24.kz Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, әңгіме Криштиану Роналду-жуниор, сондай-ақ егіздер Ева мен Матео туралы болып отыр. Бұған дейін Родригес Роналдудан туған екі ортақ баласы - Алана Мартина мен Белла Эсмеральданың ғана заңды анасы болған.
Енді басылымның хабарлауынша, Джорджина футболшының бес баласының барлығына заңды түрде ана атанды. Бұл ретте Роналду үлкен балаларына қатысты ата-аналық құқықтары мен қамқорлығын сақтап қалады.
Криштиану-жуниор қазір 16 жаста, ал егіздер Ева мен Матео тоғыз жаста. Роналду мен Родригестің ортақ қызы Алана Мартина сегізде, кенжесі Белла Эсмеральда төрт жаста.
Джорджина бұған дейін де балаларды «өзінікі» және «бөтен» деп бөлмегені айтылады. Ол бірнеше жылдан бері олардың тәрбиесіне араласып, отбасылық сапарларға бірге шығып, Роналдудың барлық баласымен ортақ суреттерде жиі көрініп жүр.
Заңды рәсімдеу ерлі-зайыптылардың үйлену тойынан көп ұзамай жүзеге асқан. Роналду мен Родригес 11 тамызда некесін қиғды. Бұл күн жұп үшін символдық мәнге ие - олардың таныстығы шамамен он жыл бұрын басталған.
Болашақ жұбайлар Мадридте танысқан. Ол кезде Джорджина Gucci бутигінде жұмыс істеген, ал Роналду дүкенге сауда жасау үшін келген. Сол таныстық уақыт өте келе жақын қарым-қатынасқа ұласып, бірнеше жылдан кейін жұп ресми түрде шаңырақ көтеруге шешім қабылдаған.
Хабарларға қарағанда, үйлену тойы көпшілікке жарияланбай, жабық форматта өткен. Роналду мен Родригес салтанатты кешті үлкен тойға айналдырмай, өз үйінде ант алмасқан.
Сонымен қатар жұптың некеге дейін арнайы келісім жасағаны айтылды. Джорджина тұрмысқа шыққаннан кейін де өз тегін өзгертпей, Родригес тегін сақтап қалды.
Осылайша, он жылға жуық қарым-қатынастан кейін Роналду мен Родригес тек некесін ресми түрде бекітіп қана қоймай, отбасы ішіндегі заңды байланысты да рәсімдеген. Daily Mail мәліметінше, енді Джорджина Криштиану Роналдудың бес баласының да заңды анасы саналады.