Видео. От ойынның соңғы нүктесі: Умаев матчтан кейін қызыл қағаз алды
Қазақстан Премьер-лигасының 11-турындағы «Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы тартысты матч алматылықтардың ерлік жеңісімен ғана емес, ойын соңындағы шиеленісті сәтпен де есте қалды.
Финалдық ысқыру естілген бойда алаңда «Қайрат» жартылай қорғаушысы Глейзер мен «Ақтөбе» ойыншысы Умаев арасында жанжал туындады. Алдымен ауызша айтыс басталып, артынша өрескел қақтығысқа ұласты. Бұл сәтте Умаевтың эмоцияға ерік беріп, шектен тыс агрессия танытқаны байқалды.
Төреші жағдайды дереу бақылауға алып, 98-минутта, ойын аяқталып қойған сәтте-ақ, «Ақтөбе» футболшысына қызыл қағаз көрсетті.
Бұл оқиға 2:1 есебімен аяқталған аса маңызды әрі принципті кездесудің шарықтау шегі іспетті болды. «Қайрат» бұл ойында ерік-жігер танытып, маусымдағы маңызды жеңістерінің бірін тіркеді.