Жеңімпаздың мінезі: Сәтпаевтың голы «Қайратқа» «Ақтөбемен» тартысты ойында жеңіс сыйлады
Қазақстан Премьер-лигасының 11-турындағы басты кездесуде алматылық «Қайрат» қиын жағдайда қалса да, «Ақтөбені» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, маңызды жеңіске қол жеткізді. Екінші таймдағы ойыншыдан айырылу мен есепке алынбаған голға қарамастан, алматылықтар мінез көрсетті.
Кездесу жоғары қарқында басталды. 50-минутта Аян Байдәулетов есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. «Ақтөбе» 1:0 есебімен алға шыққанымен, артықшылықты еселей алмады. 70-минутта ойын тағдырын өзгерткен сәт орын алды: төреші «Қайрат» сапынан Валерий Громыконы алаңнан қуды әрі Дастан Сәтпаев соққан голды есепке алмады.
Алайда «Қайрат» еңсесін түсірмей, керісінше шабуылға шықты. 74-минутта Александр Мартынович таразы басын теңестірсе, 87-минутта Дастан Сәтпаев осы ойындағы және маусымдағы сегізінші голын соғып, жеңісті жұлып әкетті. Осылайша, жас шабуылшы 2025 жылғы маусымда сұрмергендер көшін жеке-дара бастап тұр.
КПЛ. 11-тур
«Ақтөбе» – «Қайрат» – 1:2 (0:0)
Голдар: Байдәулетов, 50 — Мартынович, 74, Сәтпаев, 87
Қызыл қағаз: Громыко, 70 («Қайрат»)
Бұл жеңіс «Қайрат» үшін соңғы төрт матчтағы алғашқы үш ұпай болды. Ал «Ақтөбе» қатарынан екінші рет жеңіліс тапты.
11 тур қорытындысы бойынша турнир кестесінің басында 27 ұпаймен «Астана» көш бастап тұр. 26 ұпай жинаған «Қайрат» екінші орынға көтерілсе, 25 ұпайы бар «Ақтөбе» үшінші сатыға сырғыды.