locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

УЕФА Суперкубогы деген не: Астана қабылдайтын матч туралы толық ақпарат

Оның тарихы УЕФА турнирлерінің тарихы секілді тереңде жатыр
УЕФА Суперкубогы деген не: Астана қабылдайтын матч туралы толық ақпарат
ФОТО: Getty Images

2028 жылы «Астана-Арена» қазіргі дәуірде УЕФА Суперкубогы үшін матчты қабылдайтын 17-ші стадион болады. Sports24.kz өзіндік бай тарихы бар культтік турнирлердің бірімен таныстырады.

«Тотал футболдан» шабыт алған турнир

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басынан бастап УЕФА құрылымында екі турнир болғанына қарамастан: Еуропа чемпиондары кубогы (1992 жылдан бастап — Чемпиондар лигасы) және қазір таратылған Кубок иегерлері кубогы, олардың жеңімпаздары өзара кездеспеген.

Оның үстіне мұндай матч өткізу идеясы УЕФА-ның өзіне де келген жоқ. Бұл ұсынысты нидерландтық De Telegraaf басылымының журналисі Антон Виткамп жасады. «Аякс» көрсеткен «тотал футболдың» үстемдігіне шабыттанған ол Йохан Кройф бастаған командаға өз күшін сынау үшін тағы бір қарсылас берген дұрыс деп шешті.

Ол ұсынысын УЕФА-ға жеткізді, бірақ ұйым бастапқыда бұл идеяны қолдамады. Алайда бұл De Telegraaf редакциясына 1972 жылы Еуропа чемпиондары кубогының иегері «Аякс» пен Кубок иегерлері кубогының жеңімпазы «Рейнджерс» арасындағы матчтарды өздері қаржыландыруына кедергі болмады.

Екі матчтың қорытындысы бойынша (турнир үйде және сырт алаңда өткізілді) «Аякс» «Рейнджерсті» 6:3 есебімен жеңді. Алайда УЕФА бұл турнирді мойындамады, себебі шотландиялық алпауыт 1972 жылғы КОК финалындағы жанкүйерлерінің тәртібіне байланысты еурокубоктардан шеттетілген еді.

1973 жылы «Аякс» «Миланмен» кездесті. Бұл УЕФА мойындаған алғашқы турнир болды. Осылайша Еуропа Суперкубогы ресми мәртебеге ие болды.

Тоқсаныншы жылдардың соңы — үлкен өзгерістер дәуірі

1997 жылды қоса алғанда, турнир екі кезеңнен тұрды: алдымен Чемпиондар лигасының жеңімпазының алаңында, кейін Кубок иегерлері кубогының иегері алаңында өткізілді (1991 жылғы матчты қоспағанда: Югославиядағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты УЕФА «Манчестер Юнайтед» пен «Црвена Звезда» арасындағы бір матчты «Олд Траффордта» өткізу туралы шешім қабылдады).

Бұл ереже 1998 жылы өзгерді. Біріншіден, турнир бір матчтан тұратын болды, екіншіден, УЕФА өзі анықтайтын бейтарап алаңда өткізіле бастады.

Турнир 14 жыл бойы Монакодағы «Луи II» стадионында тұрақтады. Дәл сол жерде УЕФА Суперкубогы үшін матчқа мәскеулік ЦСКА, санкт-петербургтік «Зенит» және посткеңестік кеңістіктің осы беделді матчқа қатысқан соңғы өкілі — донецкілік «Шахтер» шықты.

Посткеңестік кеңістіктен келген команда қатысқан соңғы УЕФА Суперкубогы. Фото: instagram.com/retrofootball.ukraine

2013 жылдан бастап турнир Еуропаны аралап келеді. Қазақстан Грузия мен Эстониядан кейін УЕФА Суперкубогын қабылдайтын бұрынғы КСРО құрамындағы үшінші ел болады. Италия мен Австрия секілді футболы мықты елдерден бөлек, турнир Солтүстік Македонияда, Солтүстік Ирландияда, Польшада және Финляндияда да өтті.

Сондай-ақ 1999 жылды қоса алғанда, Чемпиондар лигасының жеңімпазымен Кубок иегерлері кубогының жеңімпазы ойнады. 1999 жылы бұл турнир таратылғаннан кейін оның орнына УЕФА Кубогының иегері (2009 жылдан бастап — Еуропа лигасының жеңімпазы) қатысты.

Посткеңестік командалар турнирі

Жалпы, бұрынғы посткеңестік кеңістіктен шыққан командалар УЕФА Суперкубогы үшін матчқа бес рет қатысты. Олардың ішінде бұл матчтарда ең көп ойнаған, әрине, киевтік динамолықтар болды. Валерий Лобановскийдің шәкірттері 1975 жылы мюнхендік «Баварияны» ойсырата жеңсе, 1986 жылы бухарестік «Стяуаға» жол берді.

Тарихтың жаңа кезеңі ХХІ ғасырда басталды: 2005 жылы ЦСКА «Ливерпульден» жеңілді, ал төрт жылдан кейін «Шахтер» «Барселонадан» ұтылды. Ал 2008 жылы «Зенит» «Манчестер Юнайтедті» жеңді.

1975 жылғы УЕФА Суперкубогымен бірге түскен киевтік «Динамо». Фото: «Динамо» Киев ФК

Өткізілмей қалған матчтар да болды

Турнирдің алғашқы жылдарында ең алдымен логистикалық мәселелер қиындық туғызды. 1974 жылы ФРГ мен ГДР клубтары болған «Бавария» мен «Магдебург» матчтың өтетін күнін келістіре алмады. 1981 жылы дәл осындай жағдай тбилисилік «Динамо» мен «Ливерпуль» арасында болды.

1985 жылы Эйзельдегі қайғылы оқиғадан кейін ағылшын клубтарының еурокубоктардан шеттетілуі күшіне енді. УЕФА Кубок иегерлері кубогының финалисімен «Эвертонды» алмастырмай, оның «Ювентуспен» матчтарын жай ғана тоқтатты.

Қазір турнир регламенті мұндай жағдайды қарастырмайды: егер команда матчқа шыға алмаса, оның орнына УЕФА Суперкубогына жолдама алған турнирдегі финалист қатысады.

Турнирді кім ең көп жеңіп алды?

Бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұрған — мадридтік «Реал». Корольдік клуб УЕФА Суперкубогы үшін матчтарға тоғыз рет қатысып, оның алтауында жеңіске жетті. Негізінен, «Реал» мен «Барселона» УЕФА Суперкубогы үшін матчтарға қатысу саны бойынша рекордты ұстап тұр. Алайда «блауграна» жеңіс саны бойынша бір титулға қалып келеді.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie