УЕФА Елімай стадионы бойынша шешімін жариялады: Еурокубок алдында маңызды жаңалық
Қазақстандық футбол федерациясы Семей қаласындағы «Спартак» стадионына УЕФА-ның санатын берілгенін хабарлады. Бұл шешім аренада Конференциялар лигасының іріктеу матчтарын өткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Sports24.kz.
КФФ мәлімдемесіне сәйкес, «Елімайдың» үй стадионына екінші санат берілді. Бұл Андрей Карповичтің командасы бірінші және екінші іріктеу раундтарын өз алаңында өткізе алады деген сөз. Дегенмен, бұл санат бірқатар ескертулермен берілді:
«Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жанкүйерлерге арналған көрініс аймақтарының қолжетімділігін жақсарту, командаларға арналған қыздыру аймақтарын жабдықтау, стадион аумағын құрылыс қалдықтары мен тастардан тазарту, кейбір баспалдақ өткелдерін қайта бетондау, сондай-ақ санитарлық тораптардың санын бекітілген талаптарға дейін көбейту ұсынылды», — делінген КФФ мәлімдемесінде.
Еске салсақ, «Елімай» Конференциялар лигасындағы жорығын дәл осы бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Семейліктер бұл кезеңдегі қарсыласын 16 маусым күні біледі, ал іріктеу матчтары 9 және 16 шілдеде өтеді.
Егер команда үшінші іріктеу раундына өтсе, жаңа стадион іздеуге тура келеді.