УЕФА қазақстандық клубтарға миллиондаған еуро төледі: командалар бұл қаражатты не үшін алды?
Қазақстандық футбол клубтары 2025/26 жылғы еурокубок маусымының қорытындысы бойынша УЕФА-дан ынтымақтастық төлемдерін алды. Қаржы Еуропа додаларына қатыспаған командаларға да берілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан футболына бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 7 754 000 еуроны құрады. Бұл сома УЕФА талаптарына сай келген Премьер-лиганың 13 клубына тең бөлінді. Нәтижесінде әр команда 596 461 еуродан алды.
Төлем алған клубтар қатарында «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы», «Тобыл», «Елімай», «Жеңіс», «Оқжетпес», «Қызылжар», «Ұлытау», «Қайсар», «Жетісу», «Атырау» және «Тұран» бар.
Бұл қаражат трансферлерге немесе футболшылардың жалақысына жұмсалмайды. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, бөлінген қаржы клубтардағы ойыншыларды даярлау жүйесін жетілдіруге және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталуы тиіс.
Ал «Қайрат» бұл тізімге енген жоқ. Алматы клубы 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетіп, УЕФА-дан тікелей жүлде қаражатын алғандықтан, ынтымақтастық төлеміне ие болмады.
Биылғы еурокубок маусымында Қазақстан атынан «Қайрат» өнер көрсетуін жалғастырып жатыр. Алматы ұжымы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп, бельгиялық «Андерлехтпен» кездеседі. Алғашқы матч 20 тамызда Алматыда өтсе, қарымта ойын 27 тамызда Брюссельде болады.