Төрелік туралы сөзінен кейін Самат Смақовтың әйелі бапкерге қолдау көрсетті
«Жетісу» командасының бас бапкері Самат Смақовтың жұбайы Ума күйеуінің «Ордабасымен» (0:1) өткен матчтағы төрешілікке қатысты қатты сөздері туралы пікір білдірді.
Талдықорғандық клубтың бапкері матч соңында төрешіні балағаттағаны үшін алаңнан қуылып кеткен болатын. Ал матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Смақов Қазақстан чемпионатындағы төрешілердің жұмысын сынға алды.
«Басқалар аузын ашуға қорқып жатса, күйеуім шындықтың алдыңғы шебінде жүр. Біздің қазақстандық футболда Сэм сияқты ешкімнен де, ештеңеден де қорықпайтын, кейбіреулер сияқты біреулердің қол астында отырмайтындар жоқтың қасы», - деп жазды маманның жұбайы Instagram парақшасында.
Бапкердің сөзі Тәртіптік бақылау комитетінің қарауына жіберілді және Самат Смақов көпшілік алдында мәлімдеме жасағаны үшін жазалануы мүмкін.
Чемпионаттың бес турынан кейін «Жетісу» үш ұпаймен турнир кестесінде 11-орында келеді. Смақов шәкірттерінің келесі ойыны 26 сәуірде семейлік «Елімайына» қарсы өтеді.