ҚФФ Смақовтың сынына жауап берді: төрешілер бөлімінің басшысы «Жетісудың» бапкерімен байланысқа шығады
Қазақстан Премьер-Лигасының бесінші турындағы «Ордабасы» - «Жетісу» кездесуінен кейін талдықорғандық клубтың бас бапкері Самат Смақов төрешілердің жұмысына қатысты ашық наразылығын білдіріп, футбол қауымдастығының назарын өзіне аударды. Ойын барысында ол төрешілерге бейәдеп сөз айтқаны үшін алаңнан қуылды, ал матчтан кейін төрешілердің шешімдеріне қатаң сын айтты.
ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Кұрманның телеграм-арнасының хабарлауынша, «Жетісу» клубы тарапынан Қазақстан футбол федерациясына ресми шағым түспеген.
Осы жағдайға байланысты ҚФФ Төрешілер департаментінің басшысы, португалиялық маман Нуну Алешандре Паррейра де Каштру Самат Смақовпен Zoom арқылы байланысқа шығып, матчтағы даулы сәттерге байланысты толыққанды түсініктеме береді. Сонымен қатар, Смақов та өз шағымдарын негіздеп жеткізуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, матчтағы әрекеттері үшін Смақовтың ісі ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитетінің қарауына жіберіледі. Федерация барлық тараппен жеке сөйлесіп, қажетті қадамдарды 21 сәуірге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұл матчтан кейін «Ордабасы» бес ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілді, ал үш ұпайы бар «Жетісу» 11-орынға сырғыды.