Сатпаевтің жаттықтырушысы «Уотфордты» ойсырата жеңгеннен кейін болашағы туралы пікір білдірді
«Бернли» бас бапкері Никки Хайен команданың маусымдағы алғашқы жеңісіне және клубтағы жұмысының басында тап болған қысымға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Burnley Express басылымының жазуынша, сенбі, 10 қазанда «Бернли» Англия чемпионаты аясындағы матчта сырт алаңда «Уотфордты» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл жеңіс командаға турнир кестесіндегі соңғы орыннан көтерілуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар клуб ақпан айынан бері алғаш рет бір матчта үш ұпай еншіледі. «Бернли» жеңіске жете алмай жүргеніне 241 күн болған еді.
Бұл жетістік шілдеде команда тізгінін ұстаған Хайенге деген қысымды біршама азайтты. Халықаралық үзіліс алдында «Бернли» алғашқы сегіз турда небәрі төрт ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы сатысында тұрған.
«Мен көп нәрсе туралы мәлімдей алмаймын, өйткені бұл — бар болғаны бір жеңіс. Дегенмен мен әлі де жаттықтырушылар штабымның осы команда мен клубқа сай келетініне сенімдімін. Жанкүйерлердің құрметіне лайық болуым керектігін айтқанмын. Трибунада осыншама көп адамды көргеніме өте қуаныштымын. Олар бізді 90 минут бойы қолдады, мен олар үшін қатты қуандым. Ақыры, сегіз айға жуық уақыттан кейін алғашқы жеңісімізге қол жеткіздік. Енді сейсенбі күні өз алаңымызда матч өткіземіз. Барлығы бірлікте болып, бізді қолдайды деп үміттенемін. Біз артқа қарамай, алға ұмтылуымыз керек», — деді Хайен.
Бас бапкер маусымның басталуы өзі күткендей болмағанын мойындады, алайда оның бойында дүрбелең болмаған.
«Әрине, бұл мен күткен бастама болған жоқ, бірақ мен ешқашан дүрбелеңге салынған емеспін. Тіпті үш жеңілістен кейін де бұрышта бүрісіп отыратын адам емеспін. Барлығын өзгерткім келетіндіктен, күн сайын жаңа күш-қуатпен және позитивті көңіл күймен ораламын. Әр күн — жаңа күн. Бірақ үш жеңістен кейін де қуаныштан секіріп кетпеймін. Біз қарапайым қалуымыз керек екенін түсінеміз. Бұл — әрі қарайғы жұмысымызға негіз болатын жақсы жеңіс. Ойыншылар бұл жетістіктен ләззат алуы тиіс, өйткені сегіз ай бойы жеңіске жете алмау — өте ұзақ уақыт. Дегенмен назарымыздың 50 пайызын мерекеге, ал қалған 50 пайызын сейсенбі күні «Чарльтонға» қарсы өтетін матчқа дайындыққа арнайық. Біз дәл осылай әрекет етуіміз керек», — деп атап өтті жаттықтырушы.
Еске салайық, 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев Англия Чемпионшипінің тоғызыншы турында «Уотфордқа» қарсы өткен матчта алаңға қосалқы құрамнан шығып, шамамен 20 минут ойнады. Бұған дейін шабуылшы санның артқы бұлшықетінен алған жарақатына байланысты бір айдан астам уақыт ойынға қатыса алмады. Ол қыркүйек айының басынан бері алғаш рет алаңға шықты. «Уотфордқа» қарсы сырт алаңдағы кездесуде Сатпаев 74-минутта Якоб Бруун Ларсеннің орнына алаңға шықты.