Дастан Сәтпаев «Уотфордқа» қарсы қалай ойнады: қазақстандық футболшының хайлайттары жарияланды
Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Англия Чемпионшипінің тоғызыншы турында «Уотфордқа» қарсы өткен сырт алаңдағы матчқа қатысты. Кездесу «Бернлидің» 4:0 есебімен ірі жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
18 жастағы шабуылшы ойынды қосалқы құрамда бастап, 74-минутта Якуб Бруун Ларсеннің орнына алаңға шықты. Алаңда аз уақыт өткізгеніне қарамастан, Сәтпаев қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті шабуылға қатысып үлгерді.
Сондай сәттердің бірінде қазақстандық футболшы қапталға жақын аймақпен жылдам алға ұмтылып, Маркус Эдвардсқа пас шығарды. Алайда командаласы допты дұрыс қабылдай алмай, қарсылас қорғаушысы шабуылды тоқтатты.
Матчтың соңына қарай тағы бір қызықты эпизод тіркелді. Қақпашының сәтсіз әрекетінен кейін допқа бірінші жеткен Сәтпаев Джейми Вардиге пас берді. Ағылшын шабуылшысы допты қақпаға бағыттағанымен, төреші офсайдқа байланысты голды есепке алмады. Осылайша, қазақстандық футболшы ағылшын клубындағы алғашқы нәтижелі пасын тіркеуге шақ қалды.
Ал «Бернли» матч тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп қойды. Якуб Бруун Ларсен, Зеки Амдуни және Рео Хатате қарсылас қақпасын дәл көздеді. Үзілістен кейін Маркус Эдвардс төртінші голды соғып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі.
Бұл «Бернли» үшін Чемпионшиптің биылғы маусымындағы алғашқы жеңіс болды. Тоғыз турдан кейін команда жеті ұпай жинады.
Кездесуден кейін желіде Дастан Сәтпаевтың «Уотфордқа» қарсы ойындағы хайлайттары жарияланды. Бейнежазбада қазақстандық шабуылшының қатысуымен өрбіген қауіпті шабуылдарды, соның ішінде Джейми Вардиге берген пасын және есепке алынбаған голды көруге болады.