locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Сәтпаев Англияда келесі матчын қашан өткізеді? Ойынның күні мен уақыты белгілі болды

Енді оның командасы бірнеше күннен кейін Чемпионшиптегі кезекті кездесуін өткізеді
Сәтпаев Англияда келесі матчын қашан өткізеді? Ойынның күні мен уақыты белгілі болды
ФОТО: Getty images
Чемпионшип Англия
13.10.2026, 14.45
Бернли
-
Чарльтон Атлетик
-

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін ағылшынның «Бернли» клубы маусымдағы алғашқы жеңісінен кейін келесі ойынға дайындалып жатыр. Никки Хайен шәкірттері 13 қазанда Чемпионшиптің оныншы турында «Чарльтон Атлетикпен» кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.

Матч «Бернлидің» өз алаңындағы «Терф Мур» стадионында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 23:45-те басталады.

Бұл ойын қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін енді ғана алаңға оралып, бұрынғы бабына біртіндеп келе бастады.

Еске салайық, 10 қазанда «Бернли» сырт алаңда «Уотфордты» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл ағылшын клубының Чемпионшиптің биылғы маусымындағы алғашқы жеңісі болды. Бұған дейін команда қатарынан сегіз кездесуде үш ұпай еншілей алмаған еді.

Сәтпаев матчты қосалқы құрамда бастап, 74-минутта Якоб Бруун Ларсенді алмастырды. Кездесудің соңында қазақстандық футболшы алғашқы нәтижелі пасын тіркеуге жақын болды. Оның пасынан кейін Джейми Варди допты қақпаға енгізгенімен, төрешілер офсайдты тіркеп, голды есепке алмады.

ФОТО: Getty images

Ойыннан кейін «Бернлидің» бас бапкері Никки Хайен Дастанның алаңдағы уақытын медициналық штабпен келісе отырып шектегенін түсіндірді. Қазақстандық шабуылшы шамамен бір жарым ай бойы футболдан тыс қалғандықтан, клуб оның ағзасына бірден ауыр жүктеме түсіргісі келмейді.

Әсіресе алдағы күндері «Бернлиді» тығыз ойын кестесі күтіп тұрғанын ескерсек, бұл шешімнің маңызы зор.

Алдағы қарсылас «Чарльтон Атлетик» те соңғы уақытта сәтсіз өнер көрсетіп жүр. Өткен турда команда «Бристоль Ситимен» 1:1 есебімен тең түсіп, Чемпионшиптегі жеңіссіз сериясын алты матчқа жеткізді.

Ал «Бернли» «Уотфордты» жеңгеннен кейін ұпай санын жетіге жеткізіп, турнирлік кестенің 23-орнына көтерілді. Сондықтан «Чарльтонға» қарсы үйдегі кездесу команда үшін жеңісті жолды жалғастырып, қауіпті аймақтан шығуға мүмкіндік болмақ.

Әзірге Сәтпаевтың негізгі құрамда шығатыны немесе кездесуді қосалқы құрамда бастайтыны белгісіз. Бұл оның физикалық жағдайына және медициналық штабтың ұсыныстарына байланысты шешіледі.

Айта кетейік, 16 қазанда «Бернли» тағы бір үй матчын өткізеді. Бұл жолы команда «Вулверхэмптонды» қабылдайды. Кездесу Қазақстан уақытымен 17 қазанға қараған түні сағат 00:00-де басталады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie