Рыбакинасыз, бірақ Путинцевамен: Қазақстан Уханьдағы WTA 1000 турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы беделді турнирдің іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Әлемдік рейтингте 82-орында тұрған отандасымыз іріктеудің шешуші кездесуінде дүниежүзінің 73-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгерді екі сетте жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қарсыласы WTA рейтингінде жоғары тұрғанына және іріктеу кезеңінде 12-нөмірмен тіркелгеніне қарамастан, Путинцева матчтың алғашқы геймдерінен-ақ басымдықты өз қолына алды.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Юлия допты қабылдауда сенімді ойнап, америкалық спортшыны жиі қателесуге мәжбүр етті. Нәтижесінде Крюгер небәрі бір гейм ұтып, Путинцева алғашқы сетті 6:1 есебімен аяқтады.
Екінші партияда америкалық теннисші қарсылық көрсетуге тырысқанымен, ойын барысын өзгерте алмады. Путинцева өз басымдығын сақтап, сетті 6:3 есебімен жеңіп, кездесуді екі партияда аяқтады.
Теннисшілер кортта 1 сағат 17 минут өткізді. Осылайша, қазақстандық спортшы іріктеудің соңғы кедергісінен өтіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды.
WTA 1000. Ухань (Қытай). Іріктеу кезеңі. Финал
Юлия Путинцева (Қазақстан) – Эшлин Крюгер (АҚШ) – 6:1, 6:3
Айта кетейік, бұл Путинцеваның Уханьдағы екінші жеңісі болды. Іріктеу кезеңінің алғашқы айналымында қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 62-орында тұрған румыниялық Елена-Габриэла Руземен кездескен еді.
Юлия алғашқы сетті 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтап, екінші партияда 2:1 есебімен алға шықты. Осыдан кейін румыниялық спортшы ойынды жалғастырудан бас тартып, жеңіс Қазақстан өкіліне берілді.
Осылайша, Путинцева әлемдік рейтингте өзінен жоғары орналасқан екі қарсыласын артта қалдырып, беделді жарыстың негізгі кезеңіне өтті.
Уханьдағы турнир 12–18 қазан аралығында ашық хард корттарында өтеді. Жекелей сында 56 теннисші бақ сынайды. Жарыс жеңімпазы 1000 рейтингтік ұпай мен 665 мың доллар көлемінде сыйақы алады.
Ал әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина табан жарақатына байланысты бұл турнирге қатыспайды. Сондықтан Путинцева жекелей сында Қазақстан намысын қорғауды жалғастырады.
Юлияның негізгі кезеңдегі алғашқы қарсыласы іріктеу жеңімпаздары турнир кестесіне толық бөлінгеннен кейін белгілі болады.